Бір апта ішінде ел аумағында 3230 қылмыс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі криминогендік жағдайға тоқталсақ, бір апта ішінде 3230 қылмыс жасалды, оның 2247-і тәулік ішінде ашылды», - деді Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған апталық брифингіде.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 10 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, бір қарақшылық, 28 тонау және 475 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты. Бұдан бөлек брифингіде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында көтерген мәселелері жайында айтылды.
Ол депутаттық корпусқа республикадағы қылмыстық жағдай туралы баяндап, бұрын сотталғандармен, кәмелетке толмағандармен, мас күйінде, қаруды қолдана отырып жасалған қылмыстардың төрттен бір бөлікке азайғанын, мұндай қылмыстардың ашылуының жақсарғанын атап өтті және аталмыш оң үрдістің соңғы 3 жыл бойы сақталып келе жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, интернет-алаяқтық санының өсуіне назар аударылды.