1 апта ішінде еліміздің аумағында 2951 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір апта ішінде елде 2951 қылмыс жасалды. Оның 1918-і тәулік ішінде ашылды», - деді Ш. Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 12 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 37 тонау және 465 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашқан.
Сонымен бірге, спикер Президент тапсырмасы аясында іске асып жатқан «полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы туралы айтып берді. Сервистік модельді дамытудың негізгі бағыттары – қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жұртқа жақын полиция, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану.