Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының үндеуі
Құрметті сайлаушылар! Қымбатты жерлестер!
19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Бұл сайлау – өткен жылғы референдумда ел азаматтары қызу қолдаған, көп болып қуаттаған конституциялық реформаның заңды жалғасы. Бұл сайлау – мемлекет пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтудың нақты шешімі.
Сайлау заңнамасындағы өзгерістер Қазақстанның жан-жақты жаңғыруына тың серпін берді. Өкілетті билік буындарының ашық әрі әділ бәсеке негізінде жасақталуына жол ашты.
Осылайша, халықтың қалауымен Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Бүгінде азаматтық қоғамның дамуына, азаматтардың сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына жаңа мүмкіндік туды. Әрбір сайлаушының өзі қалаған кандидаттар пен саяси партияларға дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Мұны жете түсіну, терең түйсіну, жүрекпен ұғыну – әрбір азаматтың қоғам алдындағы үлкен жауапкершілігі.
Ел болашағы енжарлықты көтермейді. «Сайлау менсіз де өтеді» деп әлеумет назарын аударған науқаннан тыс қалуға болмайды. Ырыстың негізі – ынтымақ. Демек, тұтастығымызды дәлелдейтін кез де жетті. Өйткені әрбір сайлаушының таңдауы мен дауысы маңызды.
Жерлестер, Қазақстан Республикасы мен Ақ Жайық өңірінің тұрақты дамуын, депутаттар құрамының жаңғыруын қолдап, 19 наурызда сайлау учаскелеріне келулеріңізді сұраймыз. Облыс тұрғындарын саяси мәдениеттің, азаматтық парасаттың озық үлгісін көрсетіп, ұйымшылдықпен дауыс беруге шақырамыз!
Бір атаның баласындай ұйымшылдық танытайық!
Сымбат Қыпшақпай, Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың бөлім басшысы:
– ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау біздің ел үшін өте маңызды. Бұл еліміздің саяси жүйесін реформалауға бағытталған жаңа қадам болғалы отыр. Ел болашағын айқындау – сайлаудың басты мәселесі. Сайлауда әр адамның дауысы маңызды. Тұрғындар сайлауға белсенді қатысып, саяси құқығын тиімді пайдаланса, халықтың өз елінің иесі және алып күш екенін көрсете алады. Сондықтан бұл саяси науқаннан тыс қалуға болмайды.
Сергей Быков, БҚО «Орыс мәдениеті орталығы» ҚБ-ның төрағасы:
– Еліміздің саяси өмірінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың ма-
ңызы өте зор. Қазақстандық әрбір сайлаушы бұл науқаннан сырт қалмауы керек деп санаймын. Халықтың сенімінен шығатын кандидаттарға дауыс беретін кез келді. Қазіргі уақытта саяси, әлеуметтік, экономикалық даму жолына түскен Қазақстанды көркейтуден шет қалмауымыз қажет. Жаңа сайлау жүйесі – ел Президентінің ықпал етуімен, халықтың қолдауымен жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың нәтижесі.
Лунара Серікова, Орал қаласындағы №6 сервиc және жаңа технология колледжінің студенті:
– Ата Заңымызға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес 19 наурызда өткізілетін сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілді. Мұның бәрін баспасөз, теледидар және әлеуметтік желі арқылы оқып таныстым. Сайлауға барып, дауысымды беруге әзірмін. Бұл сайлаудан әділетті Қазақстанның жаңа бағыт бойынша белгілеген мақсат-межесі орындалады деп сенемін.
Инесса Тоболева, «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктермен жұмыс бөлімінің жетекшісі:
– Біз, жұбайымыз екеуміз, елде өтетін сайлауларда үнемі барып дауыс береміз. Себебі Қазақстанның әр азаматының дауысы маңызды. Біз өзіміз сенім артқан адамға дауыс береміз. Халықтың қамын ойлайтын ең үздік кандидаттың оза шапқанын қалаймыз. Кейін олардан елдің мүддесі үшін еңбек етуін талап ете аламыз. Сайлаушылар азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға белсене қатысуы керек.
Айнұр Арыстанова, «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Елдегі саяси доданың өтетін күні жақын қалды. ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайланады. Еліміз үшін үлкен сын болайын деп тұр. Бұл сайлаудың ерекшелігі, аралас сайлау жүйесімен өтеді және кандидаттар бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсына алады. Яғни тек саяси партиялар ғана емес, партияда жоқ азаматтар да сайлауға түседі. Мұны жақсы бағыт, жаңашылдық деген ойдамын. Жаңадан сайланған депутаттар халықпен байланыс орнатып, ел мүддесін қорғап, ұрпақ болашағы үшін жақсы жұмыс атқарады деген сенімдемін.
Қайсарби Лепесов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті:
– Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында 1995 жылы дүниеге келдім. Отбасында бес ағайындымыз. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да электр энергетикасы мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Жуырда, яғни 3 наурызда 18 жасқа толдым. 19 наурызда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алғаш рет сайлауға қатысамын. Сайлау учаскем осы БҚАТУ ғимаратында орналасқан. Бұл сайлау – тұрғындардың талап-тілектерін тыңдайтын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға бағытталған қадам деп білемін. Жасыратыны жоқ, қазір әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал қалыптасты. Сондықтан еліміздің тыныштығы мен ырысберекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты екенін ұғуымыз керек. Сайлауға отандастарымыздың барлығы қатысса деймін, әсіресе, жастар белсенді болуы қажет. Қарапайым халық кез келген сайлаудан әлеуметтік жағдайдың жақсаруын, ел тұрмысының оңды өзгеруін күтеді. Сол қатарда мен де бармын.
Арман Биғалиев, БҚО «Ағайын» қазақ мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау еліміздің іргетасы берік болуы үшін де маңызды. Бұл сайлау – конституциялық реформаға сәйкес саяси жүйені жаңғыртудың бір кезеңі. Бұл науқанның әділ де ашық өтуіне ел болып атсалысуымыз керек. Дәл осы сәтте бір тудың астына жиылып, жұдырықтай жұмылуға тиіспіз. Демек, сайлау күні үлкен-кішіміз, даладағы-қаладағымыз бір атаның баласындай ұйымшылдықпен дауыс берейік.
Тамара Кафарова, Жәнібек ауданының тұрғыны:
– Биыл 19 наурызға белгіленген саяси дода Президент ұсынған реформалардың заңды жалғасы деп айта аламыз. Өйткені бұған дейін Кон-ституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қарастырылды. Елдің дамуына қажетті бірқатар өзекті конституциялық заң қабылданды. Енді Парламент пен мәслихат депутаттарын сайлау реформалар бастамасын табысты жалғастырады деп сенемін. Сондықтан 19 наурызда өтетін сайлауға барып, лайықты үміткерлерге өз дауысымды беремін.
Ержан Абуов, жас режиссер:
– Сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің арасында, әсіресе, жалынды жастардан үлкен үміт күтеміз. Солардың ішінде де елдің қамын ойлап, жоғын бүтіндейтін зиялы, білімдісі ғана өтсе екен деген тілек бар. «Болашақ жастардың қолында» деген сөздің де жиі айтылатыны рас. Ендеше, сол жас буынның, жаңа толқынның қоғамдағы өзгерістердің басында болып, өнердің, ұлттың дамуына ықпал ететін кезі келгендей. Біз бірінші кезекте мемлекеттің өркендеуіне атсалысамын деген азаматтарға сенім білдіруіміз қажет. Ұрпақтың ұлы армандары өз кеудесінде сөніп кетпесін десек, мемлекет үшін маңызы бар өзгерістерге бүтін ел боп араласуымыз керек. Түрлі әңгіменің айналасында қалып қоймай, сайлау науқанында әр қазақстандықтың дауыс бергені дұрыс деп есептеймін.