26.02.2026, 15:15
Оқылды: 67

Бір атаның баласындай ұйымшылдық танытуға шақырды

Осы аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов пен облыстық коалиция төрағасының орынбасары, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин Теректі және Тасқала аудандарында болып, қос ауданның халқымен конституциялық референдумға қатысты кездесулер өткізді.  Әуелі Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округінде өткен жүздесу барысында сенатор А.  Өтеғұлов Ата заңның жаңа жобасындағы мемлекетті басқаруды жетілдірудің жай-жапсарына тоқталды. 

d1803e87-c4c2-431c-8ce7-13f40642e1ec (1)

Отанымыздың жаңа Конституциясының жобасында ең басты құндылық адам мен адамның өмірі екендігі, сондай-ақ Қазақстанның унитарлы мемлекет екендігі, оның аумақтық-территориялық тұтастығына қол сұғылмайтындығы, санғасырлық тарихы бар байырғы қазақ даласында Қазақстан халқы әділетті, зайырлы дамыған мемлекет қалыптастыруға пейілді екендігі айрықша айтылған.  Еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы құрылымы енді құрылтай деп аталады. Қос палаталы парламенттен гөрі, бір палаталы құрылтай қазақстандық қоғамға қажетті заңдардың қабылдануын жеделдетері анық. Алдағы уақытта Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының міндет-миссиясын атқаратын Қазақстанның халық кеңесі де әділеттілікке әрдайым мүдделілік танытып, ел аумағында заң үстемдігін біржола орнықтыруға лайықты үлес  қосары анық.

Ата заңның жаңа нұсқасында басымдық берілген бағыт-бағдардың бірі – табиғатты қорғау. Табиғат аясы, қоршаған орта – адам баласының адамзат қоғамының бірден-бір тіршілік етер кеңістігі. Сол себепті жас ұрпақты қаршадайынан табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу – мемлекеттік деңгейдегі өте маңызды мәселенің бірі. Ал цифрлық технологияны жан-жақты меңгеру, жасанды интеллектіні өрістету тұрмыс-тіршілікті жақсарту, құжат айналымын тездетуге қоса, бұл біздің елімізді әлемдік ауқымда бәсекеге қабілетті қылатын факторлар, – дей келе Арман Кәрімұлы ел-жұртты конституциялық референдумға жауапкершілікпен қарап, осы қоғамдық-саяси мән-маңызы зор іс-шараға белсенді қатысуға шақырды. Ал Б. Ғұбайдуллин еліміздің Негізгі заңының жаңа жобасы ұлттық, отбасылық және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделгенін  атап  өтті.

– Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Әуезов бір сөзінде «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады» деген екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, отбасы институтының нығаюы да мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Конституцияның жаңа жобасында отбасылық өмірде ата-ана мен баланың бір-біріне қатысты жауапкершілігі айқын жазылып, анық көрсетілген. Әр әулетте жанұялық жарасым, отбасылық сыйластық салтанат құруы үшін үлкен-кіші бірдей 30-баптың әр тармағын мұқият зерделегені жөн.

Мемлекет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан мызғымас қоғамдық тұрақтылық жағдайында ғана дамиды. Халық берік қоғамдық тұрақтылық болғанда ғана туған елін гүлдендірер, туған жерін түлетер жасампаз еңбекке еш алаңсыз жаппай жұмыла алады. Міне, осындай маңызды алғышарттар мен қағидаттар Ата заңымыздың жаңа жобасында орынды ескерілген, – деген Бауыржан Файзоллаұлы да аудан-ауылдағы ағайынды референдумға бір атаның баласындай ұйымшылдықпен қатысуға үндеді.

086b818d-2ef5-4135-8dd5-0530b803f541 (1)

Сейсенбі сәске түс шамасында Теректі ауданының орталығындағы жастармен жүздесу, сондай-ақ кеше түске дейін Тасқала аудандық ауруханасының ұжымы және «Тасқала» спорт кешені қызметкерлерімен кездесу барысында да конституциялық референдумға қатысты қадау-қадау ой-пікірлер ортаға салынды. Қос ауданда да жергілікті жұртшылық өкілдерінің қойған сұрақтары мен көтерген мәселелеріне сенатор Арман Өтеғұлов қолданыстағы заңдар аясында және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып жауап  берді.

Бақытжан Салық,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале