Осындай атаумен сейсенбі күні Орал қаласындағы Салтанат сарайында аймақтық көрме өтті. Аталмыш іс-шараға қала мен облыс аудандарынан 32 кәсіпкер қатысып, өздерінің қолөнер және ауыл шаруашылығы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге қойылған тауарлар қатарында ет және сүт өнімдері, ұлттық киімдер, көрпе-көпшік, табиғи сабын, иіссу мен қолөнер бұйымдары болды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов арнайы қатысып, жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Көрменің басты мақсаты – ауылдық жерлердегі кәсіп иелерін қолдау, олардың өнімін нарыққа шығаруына жағдай жасау және өңірлік кооперацияны дамыту. Кәсіпкерлердің әрқайсысы өз кәсібінің маңызын, даму жолдарын айтып, келушілерге тауарларының сапасы мен ерекшелігін таныстырды.
Іс-шара барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі өңірлік комитеттің басшысы Ляна Тұрсынова сөз сөйлеп, көрменің маңызына тоқталды.
– Мен жұмыс комиссиясының және өз атымнан байқау қатысушыларын құттықтаймын! Бұл – кездейсоқ емес, жұмыс тобы мұқият іріктеген маусымның лайықты өнімдері. Жоба алғаш рет 2021 жылы пилоттық режімде біздің өңірде басталды. Оның сәтті жүзеге асырылуы бұл жобаның ұлттық деңгейге шығуына себеп болды. Енді көптеген кәсіпкер қатысып отыр. Жоба мақсаты – жергілікті шикізатты пайдалану, қолөнерді дамыту, өндірісті кеңейту және жаңа кәсіпорындар ашу.
Сіздер сапа, қаптама, визит карточкалары жағынан өсіп жатырсыздар. Байқауға қатысу – бір-біріңізден үйрену, өзіңізді дамыту мүмкіндігі, – деді ол.
Сонымен қатар Ляна Тұрсынова бұрын Ақжайық ауданында жүн өңдеу мен киіз өнімдерін жасау ісі жүргізілгенін мысал етті. Ол кезде кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеліп, барлық шығынды өздері көтеретін. Қазір мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ ол кезеңде жергілікті билік тарапынан да қолдау болғанын алғыспен еске алды.
Жергілікті өнім – кәсіпке серпін
Қатысушылардың бірі – Сырым ауданы Тоғанас ауылынан келген жеке кәсіпкер Әлия Досанова. Өз кәсібін 3 жыл бұрын бастаған ол бүгінде ірі қара мен ұсақ мал өсіріп, сүт және ет өнімдерін өндірумен айналысады.

– Екі жыл бұрын үкіметтен 2,5 пайызбен 7,5 млн теңге несие алып, 8 сиыр сатып алдым. Қазір мал басы 20-ға жетті. Барлығын аппаратпен сауамыз. Сүт өнімдерін Орал қаласындағы 2-3 дүкенге жеткізіп тұрамыз. Былтыр өнім түрлерін көбейту мақсатында Ақтөбе қаласына арнайы барып, шұжық дайындау технологиясын меңгеріп келдім. Содан кейін шұжық өндіруге арналған ыстайтын құрылғы (каптильный аппарат), арнайы шприц, кәсіби еттартқыш сияқты құралдарды сатып алдым. Қыс маусымынан бері ет өнімдерін дайындауды бастадым. Бүгінде ауылда шағын шұжық цехын салу жоспарда тұр. Негізі сүт өңдейтін шағын цехымыз бар, бірақ ол кеңейтуге мұқтаж. Ауладағы үйрек, қой, сиыр, жылқы секілді малдың барлығы өз қолымызда өсіп, адал еңбекпен бағылады. Еті мен сүті табиғи, сапалы болғандықтан, тұтынушыларымыздан жақсы пікір естіп жүрміз, – дейді еңбегімен елге үлгі болып жүрген Әлия Досанова.
Сүттен – 20 түрлі өнім
Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылынан келген Жангүлім Абсалықова «Төлеңгіт» шаруа қожалығының атынан қатысып отыр. Отбасымен бірігіп бастаған кәсібі бүгінде үлкен өндіріс көзіне айналуда.
– «Төлеңгіт» шаруа қожалығы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал былтырдан бастап біз 400-ге жуық мал алып, өнім түрлерін көбейттік. Қазір бір ғана сүттің өзінен 20-дан аса өнім дайындаймыз. Олардың арасында құрт, қаймақ, шоколадты ірімшік, мәйек ірімшік сияқты өнімдер бар. Айта кетерлігі, мәйек деген – жас малдың асқазанынан алынатын фермент. Біз оны арнайы Франциядан алдыртамыз. Ол жақта қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттап жүрген Гауһар Қонысбаева есімді отандасымыз бар. Сол кісінің көмегімен халықаралық нарыққа да біртіндеп жол ашылуда. Кәсіп – тек табыс көзі емес, ұлттық құндылықты дәріптеудің бір жолы деп түсінемін. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық өнімдерімізді дәріптеу арқылы үлкен нарыққа шығу. Атам (қайын атасы) әрқашан отбасын тек табиғи өніммен қамту керек деп айтып отырады. Бүгінде өнімдерімізді бірінші болып өз балаларымыз тұтынады. Бұл – сапаға деген ең үлкен сенім көрсеткіші. Жұмысымыздың машақаты көп болса да, нәтижесін көріп, шабыт аламыз, –дейді ол.
«Qonaqa» жобасы – денсау лық кепілі
Қала кәсіпкерлерінің қатарында ерекше жобасымен көзге түскен Раушан Қожагелді «Qonaqa» атты стартапын көпшілікке таныстырды. Дұрыс тамақтану қағидаларын негізге алған жас кәсіпкердің өнімдері – глютенсіз, қантсыз, казеинсіз болуымен ерекшеленеді.
– Баламның денсаулығына байланысты бір кездері дүкен сөрелерінен лайықты өнім таба алмай қиналдым.
Әсіресе жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі балаларға, аутизм немесе зейін жеткіліксіздігі және гиперактивтілік синдромы секілді ерекше қажеттілігі бар жандарға арнайы өнімдер қажет. Оларға қант қолдануға болмайды.

Сол кезден бастап лактоза, глютен секілді компоненттерден бас тартып, пайдалы тағамдарды жасауды қолға алдым. Осылайша, «Qonaqa» жобасы дүниеге келді. Қазір қақ, жент, шоколадты брауни, сәбіз кексы, күріш пен жүгері ұнынан дайындалатын ашытқысыз нан, тіпті тәттілерді де өз қолыммен пісіремін. Бұл өнімдердің құрамында жасанды қоспалар жоқ. Бағалары әзірге қымбаттау, себебі шикізаттың өзі арзан емес. Бірақ егер мемлекеттен қолдау алсам, бағасын төмендетіп, кең ауқымды тұтынушыға қолжетімді еткім келеді. Менің арманым – адамдардың тәттіге деген көзқарасын өзгерту, денсаулыққа зиянсыз, пайдалы тағамды күнделікті өмірге енгізу, – дейді Раушан Оралбекқызы.
Кәсіп – нәсіп
Бәйтерек ауданы, Переметный ауылынан келген Арман Айтпаев – көрменің ерекше қатысушысы. І топ мүгедегі бола тұра, қолөнермен айналысып, кәсіпке айналдырған жан.
– Қолөнерді 2005 жылы бір инемен бастадым. 2014 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеймін. Сөмке, белдік, әмиян сияқты былғары бұйымдар тігемін. Әмияндар 3-4 мың теңге шамасында, белдіктер 8-9 мың теңге тұрады. Өнімдеріме сұраныс бар. Көбі сыйлыққа алады, – дейді кәсіпкер.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешева:
– Көрменің басты мақсаты – жергілікті шикізаттан өңірдің ерекшелігін көрсететін сапалы өнім шығарып отырған ауыл кәсіпкерлерін қолдау. Бұл жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асыруда. Кәсіпкерлерге әрі қарай экспорттық әлеуеті бар бренд қалыптастыру үшін сертификация, маркерлеу сияқты маңызды процестерде қолдау көрсетіледі. Бүгінгі көрмеге Астанадан өкіл келіп отыр. Жергілікті бренд комитеті бар. Қатысып отырған 32 кәсіпкердің ішінен 10-ы іріктеліп, соның ішінен үздік деп танылған 3 кәсіпкер қайтарымсыз 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа ұсынылатын болады, – деді.
Көрме соңында Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев қатысушыларды алғысхатпен марапаттады.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»