5.12.2023, 15:45
Оқылды: 155

Бір баланы тәрбиелеу үшін бір ауыл керек!

Баланың тәрбиесіне тікелей жауапты тұлға – әке мен шеше. Баланың болмысын неғұрлым дұрыс таныса, оларды дұрыс тәрбиелеу де соғұрлым оңайға түседі.

казталов мектеп (2)

Көрнекі фото

Ата-ананың көпшілігі тәрбие деген ұғымды: сынау, мінеу, ұрысу, жақсы амалы үшін марапаттап, жаман тіршілігі үшін жазалау деп біледі. Әрине, баланы «жөнге салу»  керек. Қайырсыз, тыюсыз өскен ұрпақтың ертең үй болып, оның да бала тәрбиелейтінін ескеру қажет. Бірақ тәрбие баланың қателіктері мен олқылықтарын түзеуден ғана тұрмайды. «Жауыр болған сөздермен жалықтырып, көл көсір ақыл айтпай, баланың бойына ізгіліктің дәнін егіп, өмірге құлшынысын арттыру – басты міндет. Балаға не үшін өмір сүруі керектігін ұғындыру. Ата-ана баланың рухани пісіп жетілуіне көңіл бөлсе, рухани бай болады. Ол үшін ғибратты әңгіме айтылып, әдеби кітаптарды оқыту дұрыс. Әдеби кітапты тек оқып қана емес, құлақпен естіп, бастан кешіп, жүрегімен түсінуге үйретсе, баланың оқу пәндеріне деген зейіні  де  ашылады.

Ғылым мен білім салтанат құрса, әрине одан асқан қайырлы іс жоқ. Дегенмен білім мен ғылым мәселені шешетін негізгі күш емес. Алдымен балаға біреудің көңіл күйін түсіну, қуанышын бөлісу, уәдеге тұру, жауапкершілік арқалау, ар-ұят, кешірім, тәубе, обал-сауап сияқты адами қасиеттерді бойына дарыту керек.

Бала «Ата-анам мені ешқандай жетістігіме қарамастан шын жақсы көріп, жеке тұлға ретінде бағаласа» – деп үнемі өзіне көңіл бөліп, көп уақыт арнағанын қалайды.

Whatsapp желісі – ХХІ ғасыр технологиясының бізге берген тамаша мүмкіндігі. Бірақ оны мәнсіз, мағынасыз байланысқа (арзан күлкі, мәнсіз тірлікті насихаттайтын видеолар) айналдырмай, отбасылық топ құрып, топ мүшелеріне әр күнге бір сауал тастап, сол сауалға өздерінің көрген-білгендерін, өмірден түйгендерін, үлкендерден естігенін, кітаптан оқығаны бойынша жауап  берсін. Мысалы:

– Мектепте ең асыға күтетін сәтің қайсы?

– Үйдегі ең асыға күтетін сәтің?

– Ата-анаңның ең қатты ұнайтын  іс-әрекеті?

– Ата-анаңды қандай бейнеде көргің  келмейді?

– Ата-ана, аға-әпкенің т. б. туыстарыңның жақсы қасиеттерін тізіп  жаз;

– Тез жүзеге асырғың келетін ең ірі  үш  арманыңды  жаз;

Міне, осы тақылеттес сауалдар.

Дастарқан басында тек қана рухани әңгіме айтылу керек. Балаларға бос сөз, бос күлкі, бос әңгіме айтуға  рұқсат  бермеген  дұрыс.

Ата-ана шектен шыққан тым қатты үстемдік етуден, не шектен тыс қамқор болудан сақтану керек. Балаға тікелей ақыл айтып, сынап-мінеп ұрыспай, мазмұнды әңгіме айтса, бала өз қылығының дұрыс бұрыстығын ажыратады. Баламен мағынлы сұхбат жүргізу  керек.

Адамды жетістікке жеткізетін – жеткілікті  қабілет, қолайлы орта және ерік-жігер.

Балаға еркіндік бергенде, оны қалай пайдалану керегі жөнінде нұсқаулықты қатар беру керек. Балаға еркіндікті біртіндеп табыстай отырып, жауапкершілігін қатар жүктеп беру қажет. Ата-ана балаға еркіндігін береді, ал жауапкершілігін өзі алады көбіне. Бала еркіндікке тым ерте жастан қол жеткізген кезде өзімшіл, жалқау, зекігіш болады. Адамға еркіндік ойға не келсе, соны істеу емес, жауапкершілікті арқалап, бір мақсатқа жету  үшін  беріледі.

Ең қиыны – адамның  өзіне не керек екенін білмеуі. Баланың өзінің қай іске қабілетті екенін, қолынан не келетінін білгені жақсы. Балаға өзін-өзі тануға өмірлік тәжірибе керек. Мұны анықтауға жәрдемдесу – ата-ана мен мұғалімнің міндеті. Бала әлемде қандай мамандық, қандай іс барын білмейді. Бала ата-анасының не жұмыс істейтінін, оның қаншалықты маңызды екенін де білгені дұрыс. Ата-ана баланың бойына құндылықты сіңіріп, даналыққа үйрету керек.

Әрбір қазақтың баласын бір рудың деңгейіндегі емес, жалпы қазақтың, қала берді бүкіл адамзаттың деңгейіндегі тұлға етіп  тәрбиелеу мақсат. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу. Ата-анамен бірге мектеп психологі, ұстазы, ортасы бәрі-бәрі бала тәрбиесіне ықпал етеді. Бір баланы тәрбиелеу үшін, шынында, бір ауыл керек!

Махуза Жұмагелдина,

еңбек ардагері, Жаңақала ауданы,

Дина  Нұрпейісова атындағы мектептің байырғы ұстазы,

Астана қаласы

Бүгінгінің Сайындары қайда  жүр  екен?..

 

Жалпы адамзат баласының өсіп-өнуіне, жақсы тұлға болып қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін адам – жақсы ұстаз! Ұстаз – сөзінің өзі ұста сөзінен шыққан. «Шебер» сөзі мен «ұста» сөзінің айырмашылығы сияқты, мұғалім мен ұстаз сөзінің де біраз  айырмашылығы бар. Шебер – бар нәрсені өңдеп, жетілдіреді, ұста жоқтан бар жасайды. Сондай біздің шағын ауылымыздың кішкентай балаларының өсіп-өнуіне, жақсы мамандық иесі атануына, дұрыс жолмен жүруіне, өмірден өз орнын табуына зор үлес қосқан ерлі-зайыпты қос ұстаз, ел мақтаныштары – Сайын Сәлімғалиұлы мен Мақуза Қайратқызы болатын. Бұл адамдар тек өз ұрпақтары ғана  емес, ауыл ұрпағын тәрбиелеген жандар. Сайын ағамыз сол кездегі тілмен айтқанда, военрук болды. Біздің мектептің – әскери  жетекшісі. Бұл салада ағамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі жұмыс істеген уақытта он шақты шәкірт республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары әскери институттарға түсіп, қазіргі кезде Отан қорғау саласында еңбек етіп жүрсе, ауылымыздың 18-ге толған әрбір баласы әскерге қуана аттанатын.

Әскерде жүріп, бірде-бір баламыздың қашып келгенін көрмеппіз, иә болмаса, «Қиындық көрдік, таяқ жедік» деген әңгімесін естімеппіз. Себебі, біздің балаларымыз Отан қорғау – азаматтық борыш екенін жақсы түсініп, ол іске қай-қай жағынан да, моральдық та, әскери білім жағынан да дайын боп баратын. «Мылтық ату, қашықтыққа жүгіру біз үшін оңай болды» деп хат жазатын балаларымыз. Ұл балалардың мектептегі барлық жауапкершілігі Сайын ағайдың мойнында еді. Сабақтан кешігу, не болмаса қалып қою, шаш өсіру, төбелес деген мәселенің барлығы – осы  ағай арқылы шешілетін. Тіпті мұғалімдер ғана емес, кейбір ата-аналардың өзі Сайын ағайға келіп, балаларын жөнге салып беруін өтінетін. Өзінің шәкірт алдындағы абыройын ойлаған ұстаз, артынан еріп келе жатқан ұрпағы бар екенін ойлаған әке: зиянды әрекеттерден де ерте қол үзді. Ол кісі темекіні ұстағанын иә ащы су ұрттағанын да көрген емеспіз. Әлі күнге дейін ешкімге дес бермей, мектепте аузынан былапыт сөзбен, күшінің мықтылығымен ойына келгенін жасап жүрген ұл көрсем, шашын түйіп, бояп немесе желкесіне түсіп жалбырап жүрген оқушы көрсем: Сайын ағай есіме түседі. Түседі де: «Бұл мектептің Сайыны қай жерде жүр екен?» деп ойланамын. Бір кем дүние...

Венера Сапарова,

Жаңақала ауданы, Дина Нұрпейісова атындағы мектептің ардагер-ұстазы,

Астана қаласы

Сөз сіздерде, әжелер мен аталар!..

«Азия анимацион» және шетелдік  Артур Краузер  шығарған «Ер Төстік» деген мультфильм туралы не айтасыздар? Көргеніңіз бар ма? Мен немерелеріммен отырып бірге қараймын, «қазақша қараңдар» деп, әйтпесе «Синий трактор», «Считалка» деген кілең орысша мультик... Жақсы, бола берсін. Қалай болғанда да, біздің «қарағымдар» шығарған мультиктерге қарағанда, олардікі қызықты да сапалы  боп тұр. Мына қараңызшы, әлгі «Ер  Төстікте»  алты  ұлдың әкесі (негізі, ертегіде Ерназардың сегіз  ұлы емес пе еді) ұлдары: «Үйленеміз» десе, «Жоқ, үйленбеңдер, қайтесіңдер», – дейді!.. Содан алты ұл қалаға барып, бір үйдің алты қызын іздеп кетеді. Ауылда жұт болады. Мыстан ба, құбыжық па, скелет пе бірдеңе бүкіл ауылды құртып, жағып жібереді ұшатын тәрелкеге мініп алып… Далада бесікте жатқан сәбиді мына ата тауып алып, әжеге «Семіз баланы пісіріп бер, еркектің айтқаны айтқан!» – деп бұйрық береді. Осы жерде немерем «Менің атам аппақ, күшті»  дейді шаттанып, қайдан білсін кішкентай бала ол қарттың не айтып, қандай образ беріп тұрғанын.

...Қалаға қалыңдық іздеп кеткен алты ұл... тойлап, билеген қыздар... өзбекше ме? түрікше ме? Не болса да, қазақ қыздары емес... Әке-шешесін ойламайтын ұлдар, қазіргіше айтқанда «ночной клубта» жүр... Айтайын дегенім, осы желіге саларда, теледидарға шығарарда тексеріп, қарайтын комиссия, жауапты  адам дегендер болмай ма?

Қазақшалары да қазақша емес, екі құлағы едірейіп тұрған ерсі сөздер көп...

Жалпы осындай мәселелерді қарап, жөнге салып, сұрыптап отыратын мемлекеттік  бақылау қайда?! «Жаңа Қазақстанда» жаңарып, жақсарамыз десек,  мына мультикті қарап болғанша жүйкем құрыды.

«Қошқар мен теке», «Мақтаншақ қыз немесе Бибігүл» тағы басқасын қараймын әдейі.

Бәрі балаға арналмаған сөздер, тыңдасаңыз. Мысалы, «Қошқар мен текеде» теке сиырға «Қарындас, қарындас дейін бе, жеңге дейін бе, а?» – деп  сыпың-сыпың етіп тұр. Осыны қолға алмаса, айтып қозғамаса ұрпағымыз өте қатыгез, дөрекі, имансыз болады кешікпей... Ең болмаса, баланың қарайтынын дұрыстайықшы өтініш.

Өзіміз «Орыстың мультигін қарамасын, тілі орысша шығады» дейміз, ал қазақша ұсынған дүниелері мынадай сұмдық болса, әрине бұзылады ұрпақ. Бұрын бала күнімізде «мультфильм для взрослых» деп шықса, үлкендер айтпаса да, тұрып кетіп қалатын едім. Бірақ «Неге?» деп сұрамаппын. Сонда осындай мультиктер боп тұр ма екен деп ойлаймын да қазір.

Бірінші осы айтқан мультиктерді қарап шығыңыз асықпай, сосын талқылайықшы бір, дұрыстап тұрып... Әлде мен түсінбей отырмын ба бірдеңесін? Сөз сіздерде, әжелер мен аталар!

Күләш Қуанышқалиева,

әнші, сазгер, көпбалалы ана, әже,

БҚО, Ақжайық ауданы

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале