«Nur Otan» праймеризіне қатысушы, қоғам белсендісі, журналист Бақтыбай Жайлау дауыс беру кезінде бір IP-адрестен бір ғана жеке сәйкестендіру номері (ЖСН) бойынша дауыс қабылдануы керек деп санайды.
«Праймериз – дәл қазіргі қоғамдық-саяси өміріміздегі ең басты жаңалық болып отыр. Бір жарым ай бұрын партияішілік іріктеуге қатысатынымды мәлімдеп, әлеуметтік желіде пост жазған күннен бастап, бұл науқан туралы мен де қызығушылық танытушыларға ауызша, жазбаша түсіндіріп келе жатырмын. АҚШ пен Еуропа елдерінде бұл тәжірибе бар болғанымен, бізде алғаш рет ұйымдастырылуымен-ақ жаңалық ретінде қабылданды. Әрине, негізгі мақсаты, талабы дұрыс, қолдаймын. Бірақ ашық әрі әділ өткізуге қатысты кейбір кемшіліктерге жол берілгенін көріп, естіп, біліп отырмыз. Оның ең бірінші себебі, осы іріктеу үшін арнайы жасалған «Primaries 2020» қосымшасының бір сәтте мыңдаған адам кіргенін көтере алмай, қатып қалуы, ашылмауы. Сондықтан менің ұсынысым – «Nur Otan» партиясы нағыз лидерлерді анықтағысы келсе, үш күн бойы берілген дауыстарды електен өткізіп, бір IP-адрестен бір ғана ЖСН бойынша дауыс қабылдануы керек. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Праймериз барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керектігін» ескертті. Ендеше, сол тапсырма бұлжытпай орындалуы тиіс», - деді ол.
zhaikpress.kz