Ақтау қаласында дзюдодан ересектер арасында мәреге жеткен Қазақстан чемпионатында батысқазақстандықтар біршама табысты өнер көрсетті.
Атап айтқанда, Тоқтар Үмітәлиев пен Гүлдана Әлмұханбетова өз салмағында қола жүлдеге ие болды. 60 келі салмақта күрескен Тоқтар жартылай финалда Алматы облысының өкілі Дамир Болатбековке есе жіберді. Бұл салмақта финалда Д.Болатбековті ұтқан қызылордалық Мағжан Шамшадин чемпион атанды.
52 кг салмақта татамиге шыққан Гүлдана жартылай финалда маңғыстаулық белгілі спортшы Анна Казюлинадан аса алмады. А.Казюлинаны жеңген Алматы облысының өкілі Нұрсұлу Ералиева жеңімпаз атанса, қола медаль қызылордалық Құндыз Жылқыбайға бұйырды.
Тағы бір батысқазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин 73 кг салмақта күміс жүлдегер атанды.
Аңсарбек финалда Рио олимпиадасында бақ сынаған Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылы Тунисте әлемдік Гран-при жарысының чемпионы атанған қарағандылық Жансай Смағұловпен татамиге шықты.
Талғат Балмағамбетов баптайтын Аңсарбек бұдан екі жыл бұрын елордада өткен ҚР чемпионатында Жансайды ұтқан болатын. Бұл жолы оған қосымша уақытта ғана есе жіберді. А.Ғайнуллин жартылай финалда тағы бір белгілі спортшы, биыл Тель-Авивте Гран-при жарысының күміс жүлдегері атанған шығысқазақстандық Ержан Серікжановты жеңді.
zhaikpress.kz