17.07.2020, 21:46
Оқылды: 46

Бір күнде жүзеге асқан қайырымдылық көмегі

 Коронавирус індетінің жаппай өршуі салдарынан карантин талабы қатаңдап, кәсіпорындардың көбі қаңтарылуда. Қазіргі уақытта ел арасында қаралы хабар көбейіп тұр. Соған байланысты Үкімет шұғыл шешім қабылдап, халықтың басты назарында тұрған медицина мен әлеуметтік саланы қолдауға бюджеттен орасан қаражат бөлгенімен, қатерлі індет бетін қайтаруға қауқары жетпей жатыр. Қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайдың оңай болмай жатқанын көрген белсенді азаматтар мен ерікті жанкештілер қайырымдылық іске бел шеше кірісіп кетті. Бірі медициналық құрылғылар алуға қаражат жинаса, бірі басы артық дәрі-дәрмегін жаман дерттен жаны қиналған науқастарға тегін ұсынуда.

9C172C8E-9F4C-41AE-A774-A47E7773AD72

Тұтас әлем алаңдап отырған шақта Жәнібек ауданы орталығындағы қазақ және орыс мектептерінен 1992-93 жылы түлеп ұшқан азаматтар таяуда өзара кеңесе келе, қысқа уақытта игі істі жүзеге асыруға бекіген. Атымтай жомарт азаматтар Жәнібек аудандық орталық  ауруханасына 10 дана қысқа толқынды пеш тарту етіп отыр. Ауыл түлектері бұл тауарды алуға өз еріктерімен қаражат жинаған.

D3AC7C08-B3A8-40FB-87E7-3CD142C1EE18

– Елдегі ахуалды ұдайы назарда ұстап отырамын. Әлемді дүрліктірген коронавирус Қазақстанда қаралы хабардың көбеюде. Көз алдымызда жүрген жүзі таныс адамдар күтпеген жағдайда көз жұмғанын естиміз. Жәнібек ауданындағы ауруханаға келіп жатқан науқастар көп. Емделушілер өмір мен өлім арасында жанталасып жатқанда қамсыз отырмайық деп, бір топ жәнібектік азамат шұғыл қаражат жинауды ұйғардық. Бір күн ішінде ортақ шотқа қомақты сома түсті. Емделіп жатқандар ас-суын уақтылы қамдап, жанға жылу, дәтке қуат болар сорпа-суын, құнарлы тамағын ыстық күйінде ішіп-жесін деп қысқа толқынды пештер сатып алып бердік. Ауруханаға тауарлар келесі күні жеткізілді. Қайырымдылық іске құлшынып отырған жанашыр азаматтар баршылық. Алдағы уақытта тағы да қол ұшын созуға дайынбыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрсек, туған жердегі ахуалға бір кісідей алаңдап отырмыз. Барша адамзат баласы аман болсын, – дейді ауыл түлектері.

Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале