Көзі қарақты оқырман жазушы, әдебиет зерттеушісі, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді жақсы таниды. Халық ауыз әдебиетін зерттеген ғалымнан тыл және еңбек ардагері Бақытжан Салахатдинов Марабай жырау туралы дерек сұрап, хат алмасқан екен. Ақсақал өзінің сауалына ерекше ілтипатпен жауап берген Мәлік Ғабдуллиннің хатының көшірмесін редакцияға жолдапты. Биыл эпик жыршы Марабай жыраудың 180 жылдығы облыста кең көлемде аталып өтілді. Марабайтанушылар осы хат мазмұнымен кеңінен таныссын деген мақсатпен оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.
«Осы жазбамда Марабай ақын туралы аз-кем айтылады. Белгілі ғалым, Мәскеу шайқасында қазақстандық атақты 8-гвардиялық дивизияда саяси жетекші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин кезінде Шыңғырлау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ілияс Қойшыбаевқа хат жазып, осы Марабай ақын туралы мәлімет сұрағанды. Сол кезде бірінші хатшының көмекшісі, ел қадірлісі Мәжит Жортабаев Тіксай ауылына барып, біраз құжат жинап, Алматыға жеткізді. Осы сәтті пайдаланып М. Ғабдуллинге мен де қат жазып жіберген болатынмын. Одан «Депутат Верховного Совета СССР» деген ресми үлгідегі қағазға (бланкаға) жазылған мынадай қат алдым» деп түсініктеме береді еңбек ардагері Бақытжан Салахатдинов.
Қымбатты Бахытжан!
Жазған хатыңызды алдым. Сұрағыңызға жауап мынадай:
Міне сіздің сұрауларыңызға беретін жауап осындай.
Енді менің сізден мынадай өтінішім бар:
1.Өткен аптада мен Сіздерге (райкомға) хат жаздым. Онда, Марабай ақынның кім болғандығы, өмірбаяны жайында материал сұраған едім. Бұл жөнінде Ильясов жолдастан жауап алдым, толық материалды соңынан жіберерміз депті. Өзіңізде оқыған шығарсыз, қазақ халқының ертеден келе жатқан аса қадірлі жырының бірі – «Қобыланды батыр». ны өткен ғасырда Марабай ақын жырлаған. Бәрімізге таныс, оқығанымызда сол Марабайдың айтуындағы «Қобыланды батыр».
Марабайдың жырын білсек те, оның кім болғанын білмейміз. Ғылым үшін Марабайдың кім болғандығын білу өте қажет, сондықтан мен сіздерге қат жазып Марабай жайында материал сұрағам. Бұл материалды Абдрахманов жолдастан күтіп отырмын. Сол кісі бір хабарын берер деген еді Ильясов жолдас.
Марабайдың өмірбаяндамасында, әкесі кім, қай елдің адамы, қай кездерде болған, осы күнде оның ұрпақтары бар ма, болса қай жерде тұрады. Марабай «Қобыланды батыр» мен «Ер Тарғын» жырынан басқа нендей жырлар шығарды екен? Марабайдың өзі жазып қалдырған қолжазбалары жоқ па?
Міне осы сұрауларға сіздің де, мүмкіндігі болғанша, жауап беруіңізді сұраймын. Өзіңіздің ретіңіз келмесе, Марабайды кімдерден жаздырып алуға болады? Ондай адамдар болса, адресін жіберіңіз, олармен мен өзім байланыс жасап көрейін.
Хат жазыңыз.
Жолдастық сәлеммен, Мәлік Ғабдуллин.
26.04.47 ж
(Түпнұсқа сақтаулы)
zhaikpress.kz