Спортта бақ пен баптың қатар шабатынын жиі айтсақ та, өз ұландарымыз жеңілгенде оның неден ақсағанына мән бере қоймаймыз. Ал Олимпиада сынды әлем көз тіккен жарыста тек қана бабында болу жеткіліксіз екен. Мұнда, тіпті, баптан гөрі, бақтың рөлі басымырақ.
Әлемдік турнирлерде талай сәтсіздікке ұшыраса да, Париж ойындарына табан ет, маңдай термен жолдама алып, тұғыр биігінен көрінген екі спортшымыз бар. Олар бір аренада жеңіске жетіп, бір кілемде күресті. Екеуінің спорттағы тағдырлары да ұқсас. Ең бастысы – олардың Париж төрінде бабы да келіп, бағы да қарасты. Olympic.kz Олимпиаданың күміс және қола жүлдегерлері – Демеу Жадыраев пен Ғұсман Қырғызбаевтың мансабына көз жүгіртті.
Демеу де, Ғұсман да үлкен спортқа нық қадам басқан балуандар. Екеуі де ересектер арасына өткен соң, бірден әлемдік жарыстарда жүлде алды.
Ғұсман дзюдодағы ең жеңіл салмақ 60 келіде белдессе, Демеу грек-рим күресіндегі алғашқы ірі жетістігіне 66 келіде қол жеткізіп, Азия чемпионатының қоласын иеленді. Содан соң, Олимпиада бағдарламасына енбейтін 72 келіге дейінгі салмаққа көтерілді.
Демеу Жадыраев үшін Париж кілемі құтты болды. Ол 2017 жылы Франция астанасында өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. 72 келі Олимпиада бағдарламасына енбесе де, Жадыраев күміспен күптеліп, өз арманына жақындай түскен еді.
Ғұсман Қырғызбаев болса, 2019 жылы Токио Олимпиадасының қарсаңында өткен әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп, ақтық сында жеңілді. Сол маусым Қырғызбаев үшін аса сәтті өтіп, алғаш рет Grand Slam турнирінде алтын алса да, Ғұсманның 2020 жылғы жазғы ойындарға жолы түскен жоқ.
Олимпиада жүлдесіне дейін Демеу де, Ғұсман да өз спорт түрлері бойынша әлем чемпионатының күміс медалін еншілеген. Бұл – бірінші ұқсастық.
Токио Олимпиадасы қарсаңында Демеу Жадыраев олимпиадалық салмаққа, 77 келіге ауысты. Бұл кезде осы салмақ тізгінін тәжірибелі Асхат Ділмұхамедов ұстайтын. Тартысты өткен Қазақстан чемпионатында Демеу өз мықтылығын дәлелдеді де, біртіндеп 77 келіге орныға бастады. Бірақ мұндағы жетістік бірден келе қойған жоқ. Париж төрінде атой салу үшін Жадыраев талай турнирден құр алақан қайтты. Токио Олимпиадасын тоғызыншы орынмен аяқтап, әлем чемпионаттарында көзге түскен жоқ. Оның Париж ойындарындағы жетістігіне дейін жаңа салмақтағы жалғыз ірі жүлдесі – 2021 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатының қола жүлдесі болатын.
Ал Токио Олимпиадасынан кейін Ғұсман Қырғызбаев жаңа салмаққа ауысты. Салмағының өскенін алға тартқан ол 66 келіде бақ сынауға бел буды. Сайдың тасындай жігіттер жиналған жаңа салмақ Ғұсманға оңай болмады. 60 келіде әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, әлемдік турнирлерде үздіктер қатарынан тұрақты түрде табылатын Қырғызбаев жаңа салмақта бірден жарқырай алған жоқ.
Ғұсман 66 келіде қатысқан жарыстарда әрі кетсе үшінші айналымға жететін. Соңғы әлем чемпионаттарында Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулға қатарынан екі рет есе жіберді. Жазғы Азия ойындарында ширек финалдан аса алмады. Тек 2022 жылы Астанада өткен Азия біріншілігінде қола медаль жеңіп алды.
Париж Олимпиадасына дейін Ғұсман да, Демеу де жаңа салмақта ірі жарыстың бір ғана медалін еншіледі. Екеуі де Азия чемпионатында қола алған және екі құрлық додасы да елімізде өткен болатын.
2024 жылғы жазғы ойындарға жолдама алу мәселесі де оңай болмағаны анық. Демеу Жадыраев 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында бесінші орын алды. Өкінішке қарай, бесінші орын иегерлері арасында ойнатылған жолдаманы уыстан шығарып, Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде лицензияға иелік етті.
Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан олимпиадалық рейтингте соңғы сатылардың біріне орналасып, 26-орынмен жолдамаға қол жеткізді.
Демек, Париж қарсаңында екі спортшы да фавориттер қатарына енген жоқ.
Ал Олимпиада төрінде талай бәсекеде тауы шағылса да, жігері жасымаған екі балуанымыз алысқа шапты.
Демеу Жадыраев грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс медалін, Ғұсман Қырғызбев дзюдодан қола жүлдесін жеңіп алды. Бар ғұмырын спортқа сарп еткен екі спортшыға олимп тұғырында тұру бақыты отыздан асқан соң бұйырды.
Енді екі балуан да келесі олимпиадалық циклге қатыспақ ниетте. Кім біледі, мүмкін бақ пен бап қатар шауып, тағы әлемдік жарыстарда топ жаратын шығар.