13.03.2026, 16:00
Оқылды: 14

Бір жасыңызбен, Жайық  жұрты!

14 наурыз – Көрісу күні.  Осы айтулы  мерекеде  үлкен-кіші  бір-біріне  мейірім  шуағын  сеуіп,  ізгі  ниет  білдіретіні  мәлім.  Біз де барша  Ақ Жайық  жұртшылығын  құттықтай  келе,  көңілдері  көктемдей  құлпырсын  дейміз.  Осы орайда, «Орал өңірі» оқырмандарынан  Амал  мерекесін  қалай  атап  өтетінін  сұрап,  мейрам  туралы ой-пікірлерін  білдік. 

адам иманашев

Адам Имашев, Бәйтерек  ауданының  ақсақалдар  кеңесінің  төрағасы:

– Көрісу күні – еліміздің батыс аймағында кеңінен тойланатын көне дәстүрлі мейрам. Бұл күнді кейде Амал мерекесі деп те атайды. Алыста тұратын ағайын-туыс, дос-жаран қытымыр қыс аяқталып, көктемнің шуақты күндері келгенде бір-біріне арнайы барып, көрісіп, төс қағыстыратын болған. Адамдар қыстан аман шыққанына қуанып, арадағы реніштерді ұмытады. Әр үйде дастарқан жайылып, қонақ күтіледі. Қазақтың түсінігінде адам тағы бір жылды аман өткізіп, жаңа жылға жетсе, оның жасына тағы бір жас қосылды деп есептелген. Сондықтан да осы күнде «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деген  игі  тілектер  айтылады.

Бұл мереке көктемнің келуін және жаңа жылдың жақындағанын білдіреді. Көрісу күні – халқымыздың бауырмалдық қасиетін көрсететін ерекше дәстүр. Осындай ұлттық мерекелер біздің мәдениетімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады.

WhatsApp Image 2026-03-13 at 16.26.57

Абдул Рахметов, облыстық халық  шығармашылығы орталығы  директорының  шығармашылық  жөніндегі  орынбасары:

– Көрісу – тек амандасу ғана емес, адамдардың бір-біріне деген сағынышын, сыйластығын білдіретін ізгі дәстүр. Бала кезімізде бұл күнді ерекше күтетінбіз. Таңертең ерте тұрып, ауылдағы үлкендердің үйіне барып көрісу біз үшін бір үлкен мереке сияқты еді.

Ақсақалдар қолымызды алып, ақ батасын беретін. Әжелеріміз дастарқан жайып, бауырсақ пен түрлі тәттілерін ұсынып, «Өркенің өссін!» деп ізгі ниетін айтатын.

Көрісу күні – тек үлкендерге сәлем беру ғана емес, ауыл-аймақтың бір-бірімен араласып, татулығын арттыратын күн. Балалар үшін де бұл күн қызыққа толы болатын. Кішкентай кезімізде достарымызбен бірге үй-үйді аралап, көрісіп, қалтаны кәмпит-күлшеге толтыратынбыз. Қазіргі кезде  Көрісу  күні  бұрынғыдан  да кеңінен  тойланып  келеді.

Мектептерде, мекемелерде, мәдени орталықтарда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық дәстүріміз насихатталуда. Бұл – ұмыт бола бастаған салтымыздың қайта жаңғырып, жаңа буынға, жас ұрпаққа жетіп жатқандығының белгісі.

WhatsApp Image 2026-03-13 at 16.28.39

Станислав Котенко, «Еднання» Украина мәдениағарту  қоғамының  төрағасы:

– Көрісу мерекесі – көктемнің Наурыз айымен қатарлас келетін мағыналы мерекелердің бірі. Менің достарымның көбі қазақ болғандықтан, мен де олар секілді үлкен кісілерге барып қол алысамын. Кездесу және көрісу кезінде жақсы тілектер айтылады. Бұл мейрамда үлкен философия және тарих жатыр. Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Сол күннен бастап көктем мерекесін тойлау басталып, шығыс халықтарының жаңа жылы атап өтіледі. Менің отбасыма бұл мейрам шат-шадыман көңіл күй сыйлайды. Себебі, бұл уақытта да славян халқының мейрамы Жаворонки тойланады. Шынымен, бұл мейрамдар тарихи мәні жағынан Жаңа жыл мейрамы деп аталуға толық құқылы. Қазақстан Республикасында көптеген ұлт тату-тәтті өмір сүріп, осындай мейрамдарды бірге тойлау арқылы қоғамымыздың бірлігін нығайтады деп ойлаймын. Осы Амал мерекесінен бастап Наурыз аяқталғанша барлық адам бір-бірін құттықтап, керемет көңіл  күйде  жүреді.

WhatsApp Image 2026-03-13 at 16.26.16

Нұрзада Байтұрсынова, облыстық  тарихи-өлкетану музейінің  экскурсоводы:

– Мектепте оқып жүргенде Көрісу күні туралы рас-өтірігі белгісіз түрлі әңгімелерді естуші едік. Бұл Алматыға оқуға түсуді армандап жүрген мені алаңдатты. «Батыстың бір қызы Алматыға оқуға түсіп, Көрісу күнінде оқытушысына көріскені үшін үлкен ескерту алған көрінеді. Сөйтсе, оңтүстік облыстарда көңіл айту кезінде ғана көріседі екен. Егер оқуға барып жатсаңдар, «Сақ болыңдар!» деген әңгімені құлағымызға сіңіріп өскеніміз жасырын емес. Содан болар, Алматыға оқуға түскеннен кейін

мейрам қарсаңында бойымда шамалы қорқыныш болды. «Тобымдағы батыстық қыздармен тыныш қана көрісетін шығармын» деп жүрсем, қайта университетте шағын болса да  мерекелік көңіл күйдің лебі есті. КазГУ-градта (университеттің меншікті аумағы) ұлттық ойындардан жарыс өткізіліп, киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірлегені есімде. Шыны керек, қатты таңқалып, риза болдым. Университеттегі сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазақстанның батыс аймағына аяқ басып көрмеген оқытушыларымның әлеуметтік желілерінен мейрамды кафедра ішінде тойлаған сәтінен сурет салып, «Көрісу күні құтты болсын!» деген құттықтау жазуын көргенде қуанышқа бөленіп, ерекше  сезімде  болдым.

Әрине, Көрісу күні мерекесі тек еліміздің батыс аймағына ғана емес, күллі қазақ жұртына таралып келе жатқаны  көңіл қуантады.

WhatsApp Image 2026-03-13 at 16.27.26

Ирина Разенкова, облыстық «Грамада» беларусь этномәдени орталығының төрайымы:

– Көрісу күні – қазақ халқындағы ерекше мейрамдардың бірі. Бұл күнде адамдар бір-бірімен көрісіп, амандықсаулық тілейді, кешірім сұрап, ренішті ұмытады. Біздің отбасымызда бұл мейрам ерекше тойланады. Ата-анам мен туыстарымыз таңертең көршілерге және жақындарға барып, сәлем береді. Көршілеріміз де бір-бірімен сыйластықпен амандасып, дастарқан басында шағын той жасайды.

Қазақ достарымыз бұл күнді ерекше атап өтеді, балалар да өз қуанышымен бөліседі. Көрісу күні тек амандасу емес, сонымен қатар адамдар арасындағы бірлікті нығайтуға септігін тигізеді. Мен үшін бұл мейрам – достық пен махаббатты, жан жылуын сезінетін күн. Көктемнің алғашқы күндерінің келуі де ерекше мәнге ие. Табиғат оянып, барлығы жаңарған кезде, адамдар да бір-бірімен жылы қарым-қатынаста болады. Менің ойымша, Көрісу күні тек қазақтарға ғана емес, барша ұлт-ұлысқа бір-біріне мейірім мен ізгі ниет білдіруді үйретеді. Мен әрдайым осы мейрамды асыға күтемін. Дастарқан басында тәттілер мен бауырсақтан дәм тата отырып, бір-бірімізге жылы сөздер айтамыз. Бұл күн отбасы мен достар арасындағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ көрісу күні реніш пен өкінішті жеңуге көмектеседі. Көктемгі күннің нұры мен жылы лебі мейрамға ерекше әсер береді. Жалпы, мен үшін бұл мейрам – тек дәстүр емес,  жүректегі  жылулық  пен  достықтың  белгісі.

Сауалнаманы  жүзеге  асырған: Нұрым Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале