29.08.2025, 13:00
Оқылды: 111

Бірінші сыныпқа дайындық: Баланы мектепке қалай бейімдейміз?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың уайымы күшейе түседі. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-анасы үшін бұл кезең ерекше толқумен өтетіні анық. Баланың қолына кішкентай сөмке ұстатып, жаңа ортаға шығару – ата-ана үшін қуаныш қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. “Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, практик-психолог Әйгерім Дәулет баланы мектепке қалай дайындау керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 жп мектеп

Бірінші сыныпқа қадам басқан бала үшін мектеп – жаңа орта, жаңа достар, жаңа ережелер. Бұл жерде ол тек оқуды ғана емес, өзін ұстауды, жауапкершілікті, өз ойын жеткізуді үйренеді. Психологтардың айтуынша, бейімделу кезеңінде балаға ата-ананың қолдауы ауадай қажет.

- Мектепке дайындық — тек әріптер мен сандарды үйрену емес. Ең бастысы – психологиялық және әлеуметтік бейімделу. Бала өзін-өзі күте алуы, басқа балалармен тіл табысуы және қиын жағдайда көмек сұрай білуі керек. Егер ата-ана тек оқу үлгеріміне мән беріп, осы дағдыларды елемесе, баланың бейімделу кезеңі күрделірек өтеді, – дейді психолог Әйгерім Дәулет.

Қандай дағдылар қажет?

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға ең алдымен қарапайым күнделікті тұрмыстық қабілеттерді меңгеру маңызды:

  • Өздігінен киімін кию, портфелін жинау.
  • Қол жуу, ас ішкенде мәдениетті отыру.
  • Қатарластарымен амандасу, көмек сұрау, кезекте тұру.
  • 15–20 минут тыныш отыру және назарын ұстай алу.
  • Жеңілісті қабылдап, ренішті ашық айту.

Бұл дағдылар оқу процесін жеңілдетіп қана қоймай, баланың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі.

Ата-ананың қолдауы – басты шарт

Баланың мектепке бейімделуі ең алдымен ата-ананың көзқарасына байланысты. Егер үйде:

  • “Қиын болады”, “Мұғалімнен қорық” деген сияқты сөздер айтылса, балада үрей пайда болады.
  • Керісінше, “Сенің қолыңнан келеді”, “Біз сенімен біргеміз” деген сенімділік берілсе, мектеп бала үшін қуанышты ортаға айналады.

Мамандар ата-аналарға баланы мектепке дайындағанда “жақсы баға алу” емес, “жаңа тәжірибе алу” ұстанымын басшылыққа алуға кеңес береді.

Мектеп туралы қалай айту керек?

Психологтар ата-аналарға баламен сөйлескенде мынадай тәсілдерді қолдануға кеңес береді:

  • “Сен бәрін білуге тиіссің” демей, “Бәрін біртіндеп үйренесің” деп қолдау білдіру.
  • “Жылама, бұл ақымақтық” деудің орнына “Сенің ренжігеніңді түсініп тұрмын” деп эмоциясын мойындау.
  • “Мектеп қиын болады” емес, “Мектеп қызықты болады, жаңа достар табасың” деп айту.

Мұғаліммен қарым-қатынас та маңызды

Ата-ана мен мұғалім арасындағы сенім мен сыйластық баланың бейімделуіне тікелей әсер етеді.

  • Мұғалімге артық қысым жасамау.
  • Қиындықтар болса, оны жасырмай айту.
  • Баланың көзінше педагогті сынамау.
  • Қажет кезде мұғалімге сенім арту.

Бұл тәсіл мұғалімнің жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, балаға да “мектеп – сенімді орта” екенін көрсетеді.

Психолог кеңесі: бейімдеуді қалай жеңілдетуге болады?

  • Баланы мектепке алдын ала апарып, сынып пен дәліздерді көрсетіңіз.
  • Үйде “мектеп ойынын” ойнап, портфельді бірге жинаңыз.
  • Алғашқы күндері баланы қолдап, сабақтан соң асығыс сұрақ қоймай, әңгімесін жай ғана тыңдаңыз.
  • Баланың жетістігін бағалаңыз, кішкентай табыстары үшін мақтап отырыңыз.

Бірінші сынып – баланың ғана емес, бүкіл отбасының жаңа өмірге қадамы. Бұл кезеңді жеңіл әрі қуанышты ету – ата-ананың қолында.

Қарапайым қолдау, жылы сөз, сенім мен сүйіспеншілік – баланың мектепке бейімделуіндегі ең маңызды құрал.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале