6.02.2025, 10:15
Оқылды: 213

Бірлікті бекемдеген, берекені еселеген 30 жыл  

 

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан халқы ассамблеясының
30 жылдығына орай облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар және жоспарланған іс-шаралар туралы сөз қозғалды.

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы өңірдегі этносаралық қарым-қатынасты тиімді реттеу мақсатында белсенді жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.

– Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда тапсырмалар аясында мерейтойлық іс-шаралар жоғары деңгейде өтуі үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген жоспарға сәйкес іске кірістік. Бұған дейін «Ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен аналар кеңесінің, өңірлік медиация кеңесінің отырыстары өткізілді. Бірқатар маңызды іс-шараны қолға алмақ ниеттеміз. Фестивальдер, кездесулер ұйымдастырмақпыз. Аудандарда «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» эстафетасы жүзеге асатын болады. Бүгінде облысымызда Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аудандық кеңестер, ақсақалдар кеңестері, аналар кеңестері және этномәдени бірлестіктер жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, – деді Нұрғали Қаршығаұлы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар Жайық жұртшылығының назарына ұсынылмақ. Оған қоса 1 наурыз күні Орал қаласындағы Достық үйінің алдында әр этностың ұлттық ойындары ұйымдастырылатын болады.

WhatsApp Image 2025-02-06 at 11.36.09

– Біз ұйымдастырылған шаралар арқылы әрбір ұлттың мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге ұмтыламыз. Осылайша достық пен татулықты нығайта түскіміз келеді. Жоспарланған іс-шаралардың оң жаңалықтар мен жағымды өзгерістерге жол ашатынына сенемін. Арнайы медиа-жоспар әзірленіп, 30 жылдыққа арналған логотип, брендбук және баннерлер дайындалды. Мерейтойлық ауқымды іс-шаралар бірлік-татулықты нығайта түсуге, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге бағытталған. Біз тек өткенімізді еске алып қана қоймай, елімізді жаңа жетістіктерге жеткізу үшін бар күш-жігерімізді біріктіруге тиіспіз. Бірге атқарылған жұмыс қашанда нәтижелі болады. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын абыроймен атқару – біз үшін үлкен мерей. Бұл мерейтой – тек тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптеу емес, отандастарымызға жаңа серпін сыйлайтын маңызды қадам, – деді Н. Жолдасқалиев.

Өз кезегінде БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д. Саратов ұлтаралық ынтымақты нығайтудағы ұйымшылдықтың рөлі жөнінде әңгімеледі. Ол қоғам бірлігі  мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі екенін атап өтті. Оған қоса 30 жылдық қызметінде Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық татулық пен халықтың бірлігін сақтау ісінде маңызды рөл атқарғанын, сондай-ақ оның елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілін біріктіру миссиясын орындап келе жатқанын тілге тиек етті.

WhatsApp Image 2025-02-06 at 11.37.33

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Өзара түсіністік, адалдық және бір-бірімізге қолдау білдіру – халқымыздың бірлігін бекемдейтін негізгі қағидалар. Біздің ортақ үйімізде барлық азаматтың құқықтары құрметтеледі. Ал ортақ құндылықтар мен мақсаттар елдің өркендеуіне негіз болады. Облысымызда татулық пен тұрақтылық беки түсуі үшін барлық жағдай жасалуда. Әсіресе жастармен, қоғамдық ұйымдармен және этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Ал бұл институттар ұлттық бірлікті нығайтуға зор үлес қосып келеді. Әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарау қоғамның тұтастығын одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта біз аса қырағы болуымыз қажет. Алауыздыққа, түсініспеушілікке жол берілмеуі керек, ағайын, – деді Данилбек Алиұлы.

Бұған қоса брифинг барысында БҚО ҚХА «Бірлік» («Бирлик») әзірбайжан қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА еріктілер қозғалысының жетекшісі Элгун Джаналиев «Бірлік – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында ой өрбітті. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы – еліміздің тарихындағы маңызды кезең, сондай-ақ ассамблеяның этносаралық келісімді, достық пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан орасан зор үлесін айқындайтын ерекше белес екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар 30 жыл ішінде ассамблеяның Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, түрлі ұлтты бір шаңырақ аясына біріктіріп, олардың үйлесімді өмір сүруіне қолайлы жағдай жасағанын айтты.

WhatsApp Image 2025-02-06 at 11.35.24

– Қазақстанның болашағына асқан жауапкершілікпен қарауымыз керек. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана қазақ. Иә, бірлік – біздің қоғамымыздың негізі. Тек бірлік арқылы біз ұлы мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Қазақстан Республикасының халықаралық беделі жоғары. Біз соны мақтан тұтамыз. Әр саладағы жетістіктеріміз – халқымыздың ынтымағының жемісі. Қадірлі ағайын, мен сіздерді елдің шынайы патриоты болуға шақырамын. Патриотизм – тек Отанға деген құрмет қана емес, сонымен қатар оның болашағы алдындағы жауапкершілікті сезіну. Біз өзіміздің Қазақстанның азаматы еке-німізді мақтан тұтуымыз қажет, – деді Элгун Ахмедоглу.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале