«Amanat» партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу тәртібіне байланысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірнеше жерде ресми жұмыс істейтін қызметкерлер медициналық сақтандыру қорына жалпы табысының екі пайызы көлемінде жарна төлейді. Адам бір жерде жұмыс істесе, медициналық тұрғыдан сақтандырылған болып есептеледі. Неге онда бірнеше жерден алатын айлық мөлшеріне қарай жарна төлейді?», - деп сұрады өзін таныстырмаған мәслихат депутаты.
Премьер-министрдің орынбасары - Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл сұраққа зейнетақы жүйесін мысалға келтіре отырып жауап берді.
«МӘМС мәселесіне келсек, заң жүзінде жұмыс беруші мен жұмысшының өзі қанша жарна төлеу керектігі айқын жазылған. Әр қызметкер өзінің жалақысынан 2 пайыз жарна төлеп тұруы керек. Еңбек жалақысы өскен сайын жарнасы да өседі деген сөз. Мысалы, сіз зейнетақы қорына жарна төлеген кезде бір ғана жұмыс орынңыздан емес, жалпы еңбекақыңыздан төленеді. Яғни, бірнеше жерден алатын жалақыңыздың жиынтық мөлшері 300 мың болса, сол 300 мыңнан зейнетақы жарнасын төлейсіз. Кейін ол сізге зейнетақы болып қайтады. МӘМС-те де дәл солай. Оның үстіне мұны біз ынтымақты жүйе деп отырмыз. Бір жұмыстағы табысты ғана көрсетіп, 10 теңге төлеп, 1 млн теңгенің операциясын жасатам деген болмайды. Біз бәріміз бір-бірімізді ойлауымыз керек», - деді Тамара Дүйсенова.