24.07.2020, 18:07
Оқылды: 38

Біржолғы төлем алуға өтініштер қабылдануда

Шілде айының 17-нен бастап карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмысы тоқтап, табысын толық жоғалтқан  азаматтар  ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем алу жөнінде өтініштер беруде. Өтініштер   1 қыркүйекке дейін қабылданады. Бүгінде облыс бойынша 54 мыңға жуық тұрғын  өтініш білдірген.

23_main

«AQJAIYQ» телеарнасында тікелей эфирде өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Сатхан  Төлегенов аталмыш төлемді алу шарттарына тоқталды.  

Ең алдымен, 42 500 теңге карантиннің күшейтілген шараларының нәтижесінде табысынан айырылған азаматтарға төленеді. Біріншіден, жалдамалы жұмыскерлер осы шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген болса, олар үшін төлем алуға өтінішті тек жұмыс беруші береді. Ал жұмысшы жұмыстан шығып кеткен болса, не болмаса оны шығарып жіберсе, ол үшін басшысы өтініш бере алмайды. Бұндай жұмысынан айырылған жан жұмыспен қамту орталығына хабарласқаны жөн. Онда жұмыссыздарға бос тұрған вакансиялар немесе басқа да жұмыспен қамту шараларын ұсынады. Егер өзіне лайық кәсіп болмаса, 3 күннің ішінде жұмыссыз ретінде тіркеліп, аутоматты түрде мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыз ретінде төлем алады. Бұл төлем алты ай төленеді. Екіншіден,  біржолғы төлем жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Ол үшін өтінішті өздері жазады. Ең бастысы, олардың кәсібі карантиннің күшейтілген шараларына байланысты тоқтап қалған болу керек. 42 500 теңгені алатындар санатына азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімдер бойынша жұмыс істеп жүрген азаматтар да жатады. Оларға қойылатын шарт биыл 6 айдың ішінде бір рет болса да зейнетақылық жарналарын аударған болу керек. Бұл санатқа  ай сайын тұрақты түрде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Сонымен бірге өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге 42500 теңгені алуға болады. Төтенше жағдай кезіндегі төлем ескерілетіндіктен, бұл жолы БЖТ төлеудің қажеті жоқ.

Ал бейресми, яғни еш жерде тіркелмей жұмыс істеген, бірақ мемлекеттің бюджетінен зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлемдер алып жүргендер адамдар 42 500 теңге алмайды. Сонымен бірге студенттер мен декретте жүрген әйелдерге де біржолғы төлем төленбейді. Алайда егер студент  пен баласы бір жастан асқан декреттегі әйел жалданып жұмыс істесе немесе өз кәсіптері болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрсе, бірақ карантин кезінде табысынан айырылатын болса, біржолғы төлем ала алады.

– Жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді тек жұмыс беруші ғана беретіндігін атап өту қажет. Қашықтан жұмыс істейтін болса, жалақы төленеді. Кәсіпкерлер өтінішті egovkz пен enbekkz-те порталдары арқылы береді. Кәсіпорынның БИН-нін көрсеткенде, барлық мәлімет бірден шығады. Қалған жеке тұлғалардың барлығы осы порталдар және telegram-bot арқылы өтініш бере алады. Айта кету керек, бұлар арқылы өтініш бергеннен соң, шілденің 5 күні енгізілген карантин шектеулерінің салдарынан табысынан айырылғанын растап, берген мәліметінің дұрыстығы үшін жауапкершілік алады. Сонымен бірге 42500 enbek.kz және электрондық үкімет порталынан да өтініш береді. Осы мақсатта  Каспий банк пен Халықбанктің порталдары да іске қосылады, – деді брифингте Сатхан Досмұханбетұлы.

Брифингте сөз алған БҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Вячеслав Кожевников филиал жұмысына тоқталды. Әкімдіктер жанындағы штабтарға жұмыс берушілер тарапынан 15 мыңдай жұмысшы үшін 11 мыңдай өтініш түскен.  Айта кету керек, 42500 теңге тек осы шілде айында карантин шектеулеріне байланысты табысынан айырылғандарға төленеді.  

Ясипа Рабаева,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале