Мемлекет және қоғам қайраткері, ҰОС ардагері Бисен Жұмағалиев арамызда болса 22 желтоқсанда 95 жасқа толар еді. Кеше М.Мәметова атындағы мемориалдық музейінде осы мерейтойға орай Бисен Жұмағалиұлын еске алу кеші өтті.
«Ер есімі – ел есінде» деп аталатын шараға келген Бисен ағамыздың жолдастары, әріптестері, соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері және қызы Баян Бисенқызы арнайы жабдықталған көрмені және таяуда жарық көрген Б.Жұмағалиевтың «Жайсаңдар жайлы толғаныс» атты кітабын тамашалады.
Кеш Бисен Жұмағалиұлын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Аталмыш музей директоры Светлана Бектенованың айтуынша, оралдықтар мен қала қонақтары Бисен Жұмағалиұлына арналған көрмені 21 желтоқсаннан бастап келер жылдың 22 қаңтарына дейін тамашалай алады. Жалпы осы уақыт аралығында мұнда оқушылар, студенттер, әскери қызметкерлер үшін патриоттық бағытта арнайы шаралар өткізілмекші. Көрмеге негізінен ол кісінің жауынгерлік ерлігін бейнелейтін заттар қойылған.
-Мұражайымыздың жасақталғанына 35 жыл толды. Соның 33 жылында, яғни Бисен ағамыз өмірден озғанша, ол кісімен арадағы байланыс үзілген жоқ. Ол кісі және өзге де ардагер ағаларымыз біздің мұражайды Орал өңіріндегі соғыс штабы ретінде есептейтін. Түрлі шараларымыздан, әсіресе ерлік сабақтарынан қалмауға тырысатын еді. Ленинград шайқасына қатысушы ретінде естеліктерін, тағылымды әңгімелерін айтатын. Біз де оны асыға күтетінбіз. Қызметкеріміздің бәрі, соның ішінде аула сыпырушы да, еден жуушы да ерекше құрмет тұтатын. Себебі, ол кісі өзін қарапайым ұстайтын еді. Бәрімен де терезесі тең адамдай сөйлеседі. Қазір ол кісінің орны ойсырап тұр. Қазақстандықтар, соның ішінде жерлестері Бисен Жұмағалиұлын ешқашан ұмытпайтынына сенімдімін,–деді Светлана Саржанқызы.
Шарада сөз алған Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-маңызына тоқталып өтіп, Бисен Жұмағалиұлы сынды азаматтар еліміздің мақтанышы әрі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Соғыс және еңбек ардагері Иван Гапич өзінің досы Бисен Жұмағалиұлы мәнді де сәнді өмір кешкенін есіне алды. Ол ұйымдастыруышылық, іскерлік қарым-қабілетімен, еңбексүйгіштігімен және ең бастысы адамдарға деген қайырымдылығымен ерекшеленетін. Түрлі мәселеге қатысты объективті түрде шешім қабылдайтыны үшін де оны көпшілік айырықша сыйлайтын. Адалдық, тазалық, бастаған ісін соңына дейін жеткізу оның өмірілік және кәсіби қағидасына айналды. Осынау ұстанымдары мәртебесін көтерді, биіктерге шығарды. Осылайша ол көпшілікке, соның ішінде жастарға үлгі бола білді.
Өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың сөзіне қарағанда, Бисен Жұмағалиұлының еңбек адамдарына деген көзқарасы ерекше болған. Ол еңбек адамдарының өзін ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің аты-жөндерін сұрап, жағдайларын, шаңырақтарында қандай қиыншылық бар екенін біліп, көмектесуге тырысатын. Өзі өнерге жақын болғасын, ауылда, танылмай жүрген өнерпаздарға да көп қолдау жасаған.
Ал Баян Жұмағалиева өзінің әкесінің 95 жылдығына арнап көрме жасақтап, еске алу шарасын ұйымдастырып отырған мемориалдық музей ұжымына, естелік айтқан соғыс және еңбек ардагерлеріне өз ризашылығын білдіріп, отбасында әкесінен алған тәлім-тәрбие жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Сәкен Әбілхалықов
zhaikpress.kz