3.08.2023, 11:15
Оқылды: 55

Бисенбаев болмысы

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында суретші-педагог Аманжол Бисенбаевтың «Туған жер әуендері» атты көрмесі ашылды.

IMG_0819

Қылқалам шеберінің картиналары ауыл, жастық, руханият тақырыптарына арналған. Импрессионистік және абстракциялық бағытта салынған суреттері көрмені тамашалауға келген көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Картинадағы ойдың анықтығынан бөлек, бояудың қанықтығы, түстердің өзара әдемі үйлесімі өзге бір әлемге жетелейтіндей.

– Аманжол ағамыз – өңіріміздегі мәдениет саласына елеулі үлес қосқан жандардың бірі. Көптеген мәдени ошақтарымызға сән беріп, жаңа келбет сыйлады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптарымызды жасап, оны қайта жаңғыртты. Ағамыздың қылқаламынан шыққан әр туындысында ұлттық колорит бар. Ұлттың үні бар, бояуы бар. Суретшіге  шығармашылық табыс тілейміз», - деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев.

IMG_0761

Шара барысында қылқалам шебері­нің өмірдерегіне шолу жасалып, сурет­­теріне талдау жасалды. Импрессионистік,  абстракциялық, реалистік, қала берді, авангардтық бағытта жұмыстанып жүрген суретші шығармашылығының негізгі арқауы – адамдар арасындағы қарым-қатынас, жаһандану заманындағы адамдардың мінезі мен өркениетті жандардың болмысын ашып көрсету арқылы өмірдің мәнін ұғындыру. Бір ғана «Көзқарас» деп аталатын картинасында ескі нанымның қасіреті мен жаңа күнге деген сенімді кішкентай ғана көз шеңберіне сыйғызған.

IMG_0806

Аманжол Бисенғалиевтің сыныптас досы Қанат Оразғалиев суретшінің шығармашылық еңбегін бағалап, елеулі марапаттардың біріне ұсыну туралы ұсыныс айтты. Көрмені тамашалауға жиналған көпшілік те қызу қошеметі арқылы бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді.

 Автордың өзі суреттерінің әрқайсысына жеке тоқталып, мәнін ашуға тырысты. Шығармашылық адамына қолдау көрсетіп, осындай көрме жасақтаған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале