24.kz-тің зерделеуі бойынша, жыл сайын үш жүзге жуық бала терезеден құлап мертігеді, мерт болғандары да бар. Өткен жылы мың жарымға жуық жан терезеге телміремін деп, төменге құлап кетті. Оның 507-сі бала. Өкінішке орай, 26-сы қайғылы аяқталды. Ал 2022 жылы 250 бала мертігіп, 21-і мерт болды. Үш жыл бұрынғы жағдайда осыған шамалас. 28 бүлдіршін опат болған.
Терезеден құлап мертіккен балалар 2021 жылы - 260 бала, қайтыс болды - 28 адам;
2022 жылы - 250 бала, қайтыс болды - 21 адам;
2023 жылы - 507 бала, қайтыс болды - 26 адам.
- 2024-тің бірінші төрт айының қорытындысы бойынша 386 дерек тіркелді, биіктен құлау жөнінде. Соның 101-і балалар. Біздің дерегіміз бойынша қайтыс болған балалар жоқ. Жылдан жылға статистика бойынша қараймыз өсіп келе жатыр. Мына биіктен құлау, соның ішінде мынау биік үйлердің терезелерінен құлау балалар арасында өсу байқалады, - дейді ҰШМҮО Басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Асхат Сапаров.
Мамандар ересектер мен ата-аналарға 4 қарапайым шараға назар аударуды сұрады.
- Ересектер мен ата-аналардың назарын 4 қарапайым шараға назар аударамын. Бірінші, қараусыз қалдырмау. Екінші,терезені құлып құралымен қамту. Үшінші, бұл терезенің айналасына жиһазды орнатпау. Бала қызықтырып, соған мініп құлауы мүмкін. Төртінші, бұл балалармен қауіпсіздік туралы әңгімелесу және түсіндірме жұмыстарын жүргізу, - дейді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова.
Төтеншеліктер түсіндірме жүргізгенмен, терезеден құлаған балалар азаймай тұр. Сол себепті бірнеше жылдан бері құрылысты жүргізген мердігер қауіпсіздік торларын орнатуға міндеттелді. Алайда бұл тек кейінгі екі жылдықта іргесі қаланған тұрғын иелерге қатысты.