2023 жылғы 1 қазандағы мәліметке сүйенсек, 107,8 мың отбасындағы 565,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65,7 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы мектеп жасына дейінгі 174,3 мың балаға қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.