Елдегі 6,3 мың ауылдың 3,5 мыңының даму әлеуеті жоғары. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,5 млн ауыл тұрғыны немесе халықтың 38%-ы тұрады. Сол ауылдардың ішінен даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды. Онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады», - деді ол.
Министр ауылдардың инфрақұрылымын дамыту «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде басым тәртіппен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 объектіні, 1200 әлеуметтік нысандар мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы объектілерін салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Биыл жалпы 771 ауылдық елді мекенде 1 800 жобаны іске асыру үшін 218,2 млрд теңге бөлінді.
Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1 200 жоба іске асырылып жатыр», - деді ведомство басшысы.