Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Күн тәртібінде автожол саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режим арқылы қатысты.
Облыста автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6063 шақырымды құрайды. Оның 1349 шақырымы республикалық, 4714 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 98 пайызы, ал жергілікті маңызы бар жолдардың 60 пайызы нормативтік деңгейде.
Кейінгі 3 жылда 258 млрд теңгеге 1542 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 2023 жылдан бері 396 шақырымды қамтитын 11 жоба іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында 82 млрд теңгеге 245 шақырым автомобиль жолына жаңа асфальтбетон жабыны төселді. Биылғы ірі жобалардың бірі – «Подстепное–Федоровка–Ресей Федерациясы шекарасы» бағытындағы жол қайта жаңғыртудан өтуде. Қазіргі таңда оның 83 шақырымы бойынша жұмыстар аяқталды.
Өңірде 3 жыл ішінде 100 млрд теңгеге 784 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар асфальтталды. Оның ішінде 56 ауылдық елді мекенге кіреберіс жолдар жөнделді. Қаладағы көлік инфрақұрылымы да жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артты.
Облыс әкімі құзырлы құрылымдарға жол сапасын тұрақты назарда ұстау, әсіресе жөндеу кезінде ауыр жүк көліктерінің айналма жолдармен өтуін жіті бақылау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 110 млрд теңгеге 447 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған.