Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлімдеді.
- Мемлекет басшысының елді мекендерді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биыл өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамтуға 6,2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Сол арқылы 39 жоба жүзеге асырылып, 12 аудандағы 54 елді мекенге таза ауыз су жеткізілмек. Бұл жобалар сәтті іске асқан жағдайда өңірдегі ауыл-аймақты сапалы сумен қамту көрсеткіші 37 пайыздан 42 пайызға көтерілетін болады.
Ағымдағы жылы төрт аудандағы 28,8 шақырым жылу жүйесі, 185,7 шақырым ауыз су құбырлары қайта жөнделмек. Осы жұмыстар арқылы 12 мыңнан астам тұрғыны бар сегіз елді мекен таза ауыз сумен, Ақсай қаласындағы 15 мыңнан астам тұрғын жаңа жылу жүйесімен қамтылатын болады. Сонымен қатар 2017-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен Орал қаласындағы орталықтандырылған жылу қазандығын жаңалау да жоспарлануда,- деді Бағдат Азбаев.
Бағдат Азбаевтың сөзінше, елді мекендерді газбен қамту жұмысына ағымдағы жылы 3,7 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаражаттың көмегімен Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөкей орда, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандарындағы бір қатар елді мекендерге көгілдір отын тартылатын болады. Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 9 жобаны іске асыру мақсатында 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Баспасөз маслихатының соңында облыс әкімінің орынбасары БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.
Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz