26.12.2024, 16:45
Оқылды: 24

Биыл БҚО-да бірнеше мәдени нысан бой көтерді

Биыл өңірімізде бой көтерген және күрделі жөндеуден өткен бірқатар мәдени нысандар халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

5d6fdeb8-ad93-4743-83b2-ae25b20283f4

Облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, өңірдегі мәдени мекемелер қатары ұлттық құндылықтар мен төл тарихымызды дәріптейтін музей, орталықтармен толыққан. Мәселен, Жаңақала ауданында Қырқопа ауылдық мәдениет үйі, Казталов ауданында Қайыңды ауылдық клубы, Тасқала ауданында  Мерей ауылдық мәдени-спорт кешені, Сырым ауданында Тоғанас ауылдық мәдени-спорт кешені халық игілігіне  пайдалануға берілді. Сонымен қатар Бәйтерек ауданында Щапов ауылдық клубының құрылысы аяқталды. Ал Макаров және Көшім ауылдық клубының, Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханасының құрылысы енді  басталды. Ақжайық ауданындағы Көнеккеткен ауылдық мәдениет үйінің құрылысына бюджеттен қаражат бөлінді. Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайы мен Деркөл мәдениет үйі, облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимараты, 17 ауылдық кітапханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры, А. Островский атындағы драма театрының жобалық-сметалық  құжаттамасы дайындалды.

Мәдениет саласындағы биылғы жылдың жаңалықтарының бірі  – мекемелерді оңтайландыру және бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында «Атамекен» өнер ордасы мен  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының  ұжымдары біріктірілді.

Сондай-ақ ортағасырлық қала мәдениеті мен өркениеттің дамығанын дәлелдейтін Алтын орда кезеңімен мерзімделетін археологиялық ескерткіш – «Жайық  қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығы» құрылды. Бүгінгі таңда заң құрылымдарына  тіркелу, ұжымды орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Батыс өнерпаздарының шығармашылық жетістіктері де аз емес. ҚР Президентінің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына орай  қыркүйек айында өңірдегі 100-ге жуық көркемөнерпаз Дүниежүзілік көшпенділер ойынының мәдени шараларына қатысып, этноауыл аймағында өнер көрсетті.

Этноауыл аумағында орналасатын шеберлер ауылында облыстан 10 қолөнер шебері қатысты. Қараша айында Астана қаласында ақын, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жас мерейтойына арналған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында және Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде кездесу кештері өткізіліп, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық театрында қойылымы сахналанды.

Қазақстанның халық әртісі Ғ. Құрманғалиевтің 115 жылдығы аясында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы Алматы және Астана қалаларына концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ел ықыласына бөленді.

Ақ Жайық өлкесінен шыққан мәдениет саласында еңбегі елеулі тұлғалардың шығармашылығына арналған мәдени  іс-шаралар ұйымдастырылып, республика деңгейінде өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, биыл ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақұлпа» республикалық музыка-поэтикалық байқауы өтті. Сондай-ақ облыстық театрлардың гастрольдік сапарлары, аудандарда әр жанр бойынша республикалық және халықаралық байқаулар, айтыс ұйымдастырылды.

2025 жылы  Қадыр Мырза Әлидің – 90, ойшыл Ғұмар Қараштың – 150, күйші Дәулеткерей Шығайұлының – 205, Ұлы Жеңістің –  80, Науша Мырзагерейұлының – 155, ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған  іс-шаралар жоспарлары жасақталуда. Сондай-ақ Казталов, Теректі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жәнібек,  Қаратөбе аудандарында 6 мәдени-спорттық кешенінің және Сырым, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек пен Бөкей ордасы аудандарында 5 архив ғимаратының құрылысын салу да келер жылдың еншісінде.

Гүлжамал Жолдығали

zhaukpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале