Биыл еліміздің жоғары білім беру орындарында оқу үшін 490 шетел азаматына грант берілген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифнг барысында 2026 жылға дейінгі жоғары білім берудің басымдықтары туралы айтқан вице-министр жыл сайын бөлінетін грант саны өсіп келе жатқанын атап өтті.
«2022-2023 оқу жылына 88 214 грант бөлінген. Оның ішінде, бакалавриатқа - 73 061, магистратураға - 13 263, докторантураға - 1 890 орын. Бұлардың 60 пайызы немесе 42 303 грант техникалық мамандарға берілген. 10 мың грант Атырау және Маңғыстау облыстарының жастары мен халық тығыз қоныстанған аймақтарға берілген. «Серпін» бағдарламасына 3 653 грант бөлінген.
Одан бөлек, шетел азаматтарына 490 грант бөлінген. Соның ішінде, 150 грант - Орта Азия мемлекеттерінің азаматтарына, 100 орын - Ислам ыңтымақтастық ұйымына кіретін елдердің азаматтарына берілді», - деп мәлім етті вице-министр.
Сонымен қатар, брифинг барысында Қуаныш Ерғалиев алдағы 4 жылда жоғары білім беруді дамытудың басым бағыттарын атады.