Нәзік жандар үшін сән әлемінің орны ерекше. Барыс жылында қандай түс және киім трендте болады? Осы орайда біз әлемдік дизайнерлердің болжамдарына шолу жасаған едік. Бір қызығы, сала майталмандарының пікірі сан қилы. Бірі Барыс жылының басты тренді көк түс десе, енді бірі жолақты түстерді ұсынады. Соған орай біз қыз-келіншектерге арналған бірқатар киім үлгілері мен түстерге тоқталайық.
Қанық түсті пальто
Ұзақ уақыт бойы тек классикалық стильдегі пальто сәнде болып келді. Бірақ 2021 жылдың күз-қыс маусымында дизайнерлер бұл ережені бұзды. «Prada», «Sacai», «Nina Ricci» және басқа да көптеген бренд жаңа топтамасында жай ғана қанық түсті емес, әр түрлі стильдегі пальтоларды неон реңкінде ұсынды. Сәнгерлер қанық түстерге деген сұраныстың артатынын алдын ала болжаған.
Үшкір кроссовка
Романтика мен нәзіктік бірте-бірте қайта сәнге оралып келеді. Соған қарамастан, спорттық стиль де подиумнан түсер емес. Биылғы жылдың ең даулы, бірақ ең ерекше трендінің бірі – үшкір тұмсықты кроссовка. Әзірге, бұл аяқ киімді киюге көбінің батылы жетпей жүр. Бірақ сәнгерлердің пікірінше, биыл көшеде үшкір тұмсықты кроссовка кигендерді жиі көретін боламыз.
Олдскул жемпірлері мен биялай
Суық мезгілдің тағы бір үрдісі трикотаж бұйымдар, әсіресе, 1960 жылдардағы олдскул жемпірлері, кардигандар мен жилеттер болмақ. Енді ол трендті тек винтаж дүкендерде немесе әженің сандығынан ғана көрмейміз. Себебі көп ұзамай олар сәнге айналып, нарықтағы брендтер ассортиментінде көптеп пайда болады. Сонымен қатар биыл қолғаптар емес, жүннен тоқылған, тері және былғарыдан тігілген биялайлар сәнге айналады. Олар қолды жылытып қана қоймайды, сәнді аксессуар қызметін де атқарады.
Барыс жылының тағы бір жаңалығы – жүн жапсырылған аяқ киім, аксессуар және сөмкелер.
Былтыр қыста угги мен мунбут сәнде болса, биыл «Chanel» мен «Miu Miu» брендтері сән апталығында көрсеткен жүнді аяқ киім, яғни унты трендке айналады. Оны тек apres-ski стиліндегі қалың комбинезон, жемпірмен ғана емес, плиссе белдемше мен ұзын, жабысқан көйлектермен де киюге болады. Айта кетейік, биыл «Alexander McQueen» мен «Balenciaga» сынды үлкен сән үйлері табиғи жүнді пайдаланудан бас тартты. Оның орнына жасанды жүнді қолдана бастаған.
Қара түсті костюм-шалбар
«Gabriela Hearst», «Miuccia Prada», «Donatella Versace» дизайнерлері осы жылы сәнге айналар киімдердің қатарына қара түсті костюм-шалбарды да қосты. Сәнгерлердің пікірінше, бұл киім әйелдерді тартымды қылып көрсетеді. Оны ақ жейдемен жұмысқа, жұқа кеудешелермен кешкі жиындарға киюге болады. Сонымен қатар барыс жылында 1990 жылдардағы киімдер – кең джинсы шалбарға, карго-шалбарға және қанық түстерге сұраныс жалғасады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz