13.05.2024, 14:30
Оқылды: 63

Биыл Қазақстанда 12 мың шақырым жол жөнделеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жол құрылысы маусымы аясында ҚР көлік министрлігі 12 мың шақырым жолды құрылыс жұмысымен қамтымақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мәселен, республикалық маңызы бар 5,3 мың шақырым жолда жөндеуі жалғасын тапса, 4,2 мың жергілікті маңызға ие жол жөнделеді. Бұл туралы көлік министрлігінің сайтында жазылды.

Бисен- Сайқын жолы-2

Фото: zhaikpress.kz

Сонымен қатар көлік министрлігі салынғаннан бері жөндеу жүргізілмеген жолдарды орташа жөндеумен қамту бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асырады. 2,5 мың шақырым жол қамтылады. Жол негізін нығайта отырып, жолдарды жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылады.

Негізгі басымдылық «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталады.

Биыл қолға алынатын жаңа жобалар қатарында «Қызылорда – Жезқазған» (Ұлытау облысы бойынша), «Ақтөбе – Қызылорда» («Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қызылорда – Сексеуіл» учаскелері), «Қарағанды – Жезқазған» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.

«Жаңа ауқымды жөндеу бағдарламасын жүзеге асыру негізінде алдағы 2 жыл ішінде отандық жолдардың жағдайы туралы теріс пікірлерді өзгертуге ниеттіміз. Аталған бағдарламаға сәйкес 20 жылға жуық жөндеу жұмысын көрмеген жолдарды орташа жөндеу жұмысымен қамтымақпыз. Негізгі міндет – жол негізін нығайтып, сапаны жақсарту. Бұл облысаралық байланысты айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, 4 облыстың аумағы арқылы өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автомобиль жолын жөндейміз. Республикалық маңызы бар жолдар да, облыстық маңызға ие күре жолдар да басты назарда», – деп атап өтті ҚР Көлік министрі – Марат Қарабаев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале