Биыл индустрияландыру картасының аясында 1,23 трлн. теңгенің 128 жобасы қолға алынып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Биыл Индустрияландыру картасының аясында еліміз бойынша жалпы сомасы 1,23 трлн. теңгені құрайтын 128 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс ошақтарында 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Жобалардың басым бөлігі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент қаласында орналасқан.
Қазіргі уақытта жалпы сомасы 296 млрд. теңгеге 28 жоба пайдалануға берілді, 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», - деген вице-министр солардың ішіндегі ірі дегендеріне тоқталды.
«Бірінші жоба – Қарағанды облысындағы «Жәйрем кен байыту комбинаты». Кәсіпорынды жаңғырту қорғасын-мырыш кенін өндіру көлемін 2,5 есе, яғни жылына 5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Екінші жоба – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС-ндегі трансформаторлар өндірісі. Бұл «Алагеум» тобының 4-ші ірі зауыты. Аталмыш кәсіпорынды іске қосу отандық трансформаторлар өндірісін 40% ұлғайтып, қуатын жылына 44 мыңға дейін жеткізеді. Ал, экспорт жылына 15 мың бірліктен 25 мың бірлікке жетеді», - деді Марат Қарабаев.
Қазақпарат