Алматы облысы Балқаш ауданының шаруалары күріш жинауға дайындалып жатыр. Дихандар биыл егістікке қолайлы жыл болғанын айтады. Ауа райына байланысты күрішті ерте отырғызып, су мол келгендіктен өнімділік артқан, деп жазды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сурет: freepik.com
«Биыл соңғы 5-6 жылда алғаш рет өнімділік артып отыр. Өткен жылы гектарынан 30 центнерден өнім алсақ, биыл 40-45 центнерден алуға ниеттіміз. Себебі, өздеріңіз көріп отырғандай күріштің жағдайы жақсы. 120 күн бойы су мол болды. Сондықтан болжам жақсы»,- деді шаруа қожалығының агрономы Мейрам Ермұқанұлы.
Балқаш ауданында 30 мың гектардан астам жер суарылады. Биыл оның 7,2 мың гектарына күріш егілген.
Айта кету керек, суару маусымында «Қапшағай» су қоймасынан аудан шаруаларына 510 млн текше метр су берілді.