Жыл басынан бері Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 203 спорттық іс-шара өткізген. Балалардың қала аумағында орналасқан спорт мекемелерінде және ауладағы спорттық алаңдарда жыл бойы тегін спортпен шұғылдану мүмкіндігі бар. Қалада жалпы 481 спорттық алаң бар. Олардың 48-і Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Орал» спорт клубының теңгерімінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов баяндады.
Армат Аманкелдіұлының айтуынша, биыл 20 спорт алаңына жөндеу жүргізілген.
– Жөндеу жүргізілген балалар ойын алаңдарының сыртқы қоршаулары дәнекерленді. Хоккей алаңының сынған тақтайлары ауыстырылып, жазғы спорт кешендерінің футбол қақпалары бекітілді. Сонымен қатар адамға зақым келтіретін сынық тренажерлер жөнделіп, жөнге келмейтіндері ойын алаңынан алынды. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады, – деді Арман Исанов.
Одан бөлек қалалық спорт бөлімі биыл Назарбаев даңғылы 249 мекенжайындағы үй, Зашаған кентіндегі Қалменов, Жұмыр Қылыш, Матросов көшелері мен Абай даңғылындағы ойын алаңдарын жөндемекші. Сонымен қатар Әбілқайыр хан 91, Циолковский 10, Жаңа Орда 25, Құрманғазы 33 мекенжайларындағы алаңдар қалыпқа келтірілетін болады.
Қалалық спорт бөлімі биыл 9 ай ішінде 20 спорт түрінен қалалық, облыстық жарыстар ұйымдастырған. Сондайақ көкпар, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату сияқты ұлттық ойындардан лигалар мен біріншіліктерін өткізді. Одан бөлек мектеп оқушыларын салауатты өмір салтына үгіттеу бағытында мектеп лигалары ұйымдастырылуда. Ол жарыстарға қала мектептерінен 22 655 оқушы қатысты.
– Биыл алғаш рет 17 қараша – Студенттер күніне орай жоғары оқу орындарының және колледж студенттерінің арасында спартакиада өткізіледі. Сондайақ облыстағы дене шынықтыру пәні ұстаздары арасында ІІ ашық қалалық спартакиада өтеді. Спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы бұқаралық спортқа көпшіліктің қызығушылығын арттыруға болады. Тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту мақсатында биыл Шаған өзенінің оң жақ жағалауы мен арқанды саябақ аумағына 2 контейнер орнатылды, велосипедтер, жазғы және қысқы спорттық жабдықтар сатып алынды, – деді Армат Аманкелдіұлы.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz