17.10.2023, 11:15
Оқылды: 48

Биыл полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 74 мыңнан астам өтініш түскен

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.

img-5790

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңнамалық деңгейде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі жаңа шаралар туралы айтып берді. Өңірлердегі жұмыс туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Премьер-Министр отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ қоғамның тарапынан да кешенді тәсілдерді талап ететінін айтты. Атап айтқанда, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті Жол картасы іске асырылып келеді.

«Жалпы қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Дегенмен бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылғанын еске салды, онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда бұл орталықтардың қатары жеткіліксіз.

«3 жыл ішінде қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар орталықтарды тиісті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет», — деді Премьер-Министр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале