Облыста «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасы аясында 50 бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) нысанының құрылысы аяқталды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша биыл арнайы мемлекеттік қордан 14 нысанның құрылысын қаржыландыруға 2 млрд теңге бөлінді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша 2025 жылға жоспарланған 14 медициналық мекеме, яғни бес дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік пункт және үш медициналық пункт кіреді. Қазіргі таңда барлық нысан толық пайдалануға берілді. Амбулаториялар Жаңақала ауданының Бірлік, Ақжайық ауданының Алмалы, Бәйтерек ауданының Янайкин, Железнов және Сырым ауданының Бұлдырты ауылдарында ашылды. ФАП-тар Ақжайық ауданының Көнеккеткен, Жанабұлақ, Базаршолан, Бөрлі ауданының Ақбұлақ, Жаңақала ауданының Қырқопа және Сырым ауданының Шағырлыой ауылдарында орналасқан, ал медициналық пункттер Бәйтерек ауданының Зеленый, Қаражар және Бөрлі ауданының Қарақұдық ауылдарында жұмыс істей бастады.
Сонымен қатар Бөрлі және Казталов аудандарындағы ауданаралық ауруханалар жанында қосымша ғимараттардың құрылысы басталды. Жақын арада Бөрлі аудандық ауруханасында 154 орындық инсульт орталығы, тері арқылы коронарлық операция (ЧКВ – чрескожное коронарное вмешательство) орталығы, травматология бөлімі және перинаталды блок ашылады. Бұл медициналық қызметтер Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандары тұрғындарына көрсетілетін болады. Ал Казталов аудандық ауруханасында 100 орындық қабылдау бөлімі (Триаж жүйесімен), инсульт және ЧКВ орталықтары, травматология және хирургиялық бөлімдер жоспарланған. Қызмет көрсету аумағына Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының тұрғындары кіреді.
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»