13.10.2022, 15:30
Оқылды: 119

«Біз – ғұндардың тікелей ұрпағымыз»

Николай Лугинов 1948 жылы Жақұтияның (Якутияның) орталығындағы Кобяй ұлысында туған. Ол – Жақұтияның халық жазушысы (1998). 1986 жылы француз тілінде басылып шыққан «Таас Тумус» повесі үшін «Мәдениеттер тоғысындағы Алжир» халық-аралық сыйлығын алған. 2001 жылы қаламгерге «Шыңғыс ханның әмірімен» романы үшін Ресей Жазушылар одағы «Ресейдің үлкен әдеби сыйлығын» берген. Ал 2013 жылы Н. Лугинов Саха Республикасының П.А.Ойунский атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Н.Лугинов шығармаларының желісімен бірнеше фильм түсірілген. Біраз жылдан бері ол ғұндар тарихын зерттеп жүр.  

Лугинов-фото-1

– Биыл қазақ шайырлары саха-жақұт ақындарының жырларын аударып, антология қылып шығарды. Сіз сәуір айында Қазақстанның бас қаласына келіп, жинақтың тұсаукесеріне қатыстыңыз. Біздің еліміз жайлы қандай пікірдесіз?  

– Қазақстанда алғаш рет 1980 жылы болдым. Содан соң араға он шақты жыл салып, тоқсаныншы жылдары бірнеше рет бардым. Араға біраз уақыт салып, биыл да жолым түсті. Керемет әсер алдым. Қазақ елі қатты өзгерген. Бірақ Кеңес заманында Алматының қуатты баспалары кітаптарды жүздеген мың дана таралыммен шығарғанын ескерсек, ол кезде де Қазақстанның әдеби өмірі қыз-қыз қайнап жататын. Жалпы, қазақ ақын-жазушыларынан Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин және Олжас Сүлейменовты оқыдым. Ал бүгінгі қаламгерлерден Ұлықбек Есдәулет пен Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығымен ғана емес, өздерімен де жақсы таныспын.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?

–  Саха әдебиетінен Платон Ойунскийдің «Ұлы Куданса» кітабы мен Анемподист Софронов-Алампаның өлеңдерін жақсы көремін. Ал әлем әдебиетінен Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың, Лев Толстойдың, Оноре де Бальзактың, Эрнест Хемингуэйдің, Эмиль Золяның, Анатолий Ким-нің, Олжас Сүлейменовтың, т.б. сөз зергерлерінің туындылары ұнайды. Сонымен қатар Лао Цзыдың, Конфуцийдің даналық сөздерін және ежелгі үнді эпосы «Махабхаратаны» қайталап оқып тұрамын.

– Қазақстанда саха-якут ақындарының антологиясы жарық көргенін жоғарыда айттық. Саханың атақты ақыны Анемподист Софронов-Алампаның «Отаным менің» деген өлеңін мен тәржімалаған едім. Онда біздің Міржақып Дулатұлының жырларындағыдай азаттыққа деген сұрапыл ұмтылыс, бостандықты аласұра аңсау сарыны бар. Ал қазіргі сахалар тәуелсіздікті дәл солай армандай ма?

– Якутияның жер көлемі 3 000 000 шаршы шақырымнан асады. Яғни біздің территориямыз Қазақстанның аумағынан сәл үлкенірек болғанымен, халық саны небәрі бір миллионға жуық. Ал сахалардың саны 500 мыңға да жетпейді. Толыққанды мемлекет құру үшін алдымен өзіңнің шекараңды күзетіп, қорғай алуың керек. Біздің қазіргі жағдайымызда бұл мүмкін емес. Сондықтан аз ұлттарға алып империяның құрамында өмір сүру анағұрлым тиімді.

– Өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.

– 1948 жылы Якутияның орталығындағы Кобяй ұлысында, үш жыл бұрын ғана соғыстан оралған колхоз директорының отбасында тудым. 1972 жылы Якутия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін тәмамдадым. 1983 жылы Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітірдім. Алғашқы кітабым 1975 жылы шықты. Семен және Софрон Даниловтарды, Лев Гумилевті, Георгий Куницынды, Шыңғыс Айтматовты, Анна Дмитриевнаны, Анатолий Кимді, Омор Сұлтанов пен Олжас Сүлейменовты өзіме рухани ұстаз тұтамын. 1986 жылы француз тілінде басылып шыққан «Таас Тумус» повесім үшін «Мәдениеттер тоғысындағы Алжир» халық-аралық сыйлығын алдым. 2001 жылы «Шыңғыс ханның әмірімен» романым үшін маған Ресей Жазушылар одағы «Ресейдің үлкен әдеби сыйлығын» берді. Сондай-ақ 2013 жылы Саха Республикасының П. А. Ойунский атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері атандым. Бұған қоса, Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған халықаралық «Алаш» және халықаралық Иван Гончаров атындағы сыйлықтардың және де басқа марапаттардың иегерімін. Кітаптарым көптеген тілге аударылған, Якутияның халық жазушысымын (1998), Ресей Жазушылар одағының тең төрағасымын, бүкілқытайлық Лао-Цзы ғылыми қоғамы төрағасының орынбасарымын. «Шыңғыс ханның әмірімен» атты романымның желісімен 2009 жылы «Шыңғыс ханның құпиясы» деген кино түсірілді (режиссері А. Борисов). Ал «Таас Тумус» деген повесім 2019 жылы түсірілген «Аспанымда күн батпайды» фильміне (режиссері Л. Борисова) негіз болды.

– Физика-математика саласында оқысаңыз да, әдебиетте осыншама жетістікке жетіпсіз. Сонда жазушылыққа қалай келдіңіз?

– Қалай жазушы болдым? Шын мәнінде, сөз өнеріне адам келемін деп келмейді. Қаламгер боламын деп болмайды. Жасөспірім бозбала «Жазушы боламын» деп алдына өмірлік мақсат қойғаннан сөз зергері болып қалыптаспайды. Қалай жазушы болғаныңды өзің де сезбей қаласың. Шамасы, әлдебір тылсым құбылыс шығар. Сонымен қатар ауқымды әдеби тақырыптарды жазушы таңдамайды, тақырып жазушыны таңдайды. Мысалы, мен өткен ғасырдың соңына таман Шыңғыс хан туралы роман жазуға бел байладым. Бұл Кеңес одағының ыдырауына тұспа-тұс келді. Мұқият зерделеп қарасаңыз, империялардың құрылуы мен құлауы әрі ұқсайды, әрі бір-біріне мүлде  қарама-қайшы.

 – «Өзім үшін ең ыстық, ең қымбат туындым» деп қай кітабыңызды айтар едіңіз?

– Өз басым, өзімнің жазушылығымды үш кезеңге бөліп қарастырамын:

1) 1990 жылға дейін жазғандарымды шығармашылық тұрғыдан ең табысты кезеңім дер едім. Яғни «Кустук», «Қара қарға туралы повесть», «Сэргэ» повестерім. Ал «Таас Тумус» повесім үшін халықаралық сыйлықтың лауреаты атандым және Ресейдің мемлекеттік сыйлығына ұсынылдым;

2) 1991-2009 жылдар аралығындағы екінші кезең мен үшін ең ауыры болды. «Шыңғыс ханның әмірімен» деген үш кітаптан тұратын эпопеяны жазу үшін біраз қарым-қабілетім мен қажыр-қайратымды жұмсадым;

3) Ал 2010 жылдан бергі уақытты «Ғұн кезеңі» деп атаймын. Яғни 12 жылдан бері осы тақырыпта жазып жүрмін. Өйткені біз – ғұндардың тікелей ұрпағымыз. Олар туралы 2013 жылы «Ғұн повестері», ал 2018 жылы «Өзгерістер уақыты» деген кітаптарым шықты. Көптеген тілге аударылып жатқанына қарағанда, повестеріме сұраныс бар секілді. Келесі жылдарға қарай ғұндар туралы тағы бір шығармамды аяқтаймын деп үміттенемін.

– Қазіргі саха жастары кітап оқи ма?

– Якутия Ресей Федерациясындағы ең көп кітап оқитын өңір саналғанымен, біздің халық та ізденуге соншалықты құштар емес. Жастарымыз көркем әдебиетті оқыса да, терең талдап, жан-жақты ой қорытып жарытпайды. Бұрынғыдай кітап оқу мәдениеті бүгінгі күні, өкінішке қарай, негізінен жоғары білімді ата-әжелерімізге ғана тән қасиет. Ондай аса сирек кездесетін интелектуалдарды мен биыл сәуір айында Астанаға барғанда көрдім. Олардың тағылымды әңгімені үнсіз тыңдап, өзіне керегін іштей сұрыптап тұрғанын аңғардым. Негізінде, әр мемлекеттің басты байлығы – мұнай мен газ емес, рухани бай әрі білімді адамдар. Жастарымыз осындай таусылмайтын қазынаның қадірін біліп, кәдесіне жарата алар ма екен? Сіз бен біздің елдеріміздің ертеңі қандай болатыны соған байланысты.

– Адамзаттың болашағы туралы не ойлайсыз? 

– Егер ядролық соғыс болатын болса, ең алдымен, халқы тығыз қоныстанған елдер қырылады. Содан кейін желдің бағытындағы және Гольфстрим ағысының бойындағы мемлекеттер орасан шығынға ұшырайды. Ал жері үлкен, жұрты бір-бірінен қашық тұратын әрі жел бағыты мен мұхит ағыстарынан алыс жұрттар ішінара тірі қала-ды. Мұндай сұмдықтан кейін ақымақ адамзаттың келешегі жөнінде ойланатын ештеңе қалмайды. Бәрі де құдіреті шексіз ұлы Жаратушының ғана құзырында болмақ.

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла,

Астана  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале