1.03.2024, 10:30
Оқылды: 332

«Біз Қаныш Сәтбаев шығармашылығын тереңірек зерттеуіміз керек»

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Заңғар ғалым, дара дарын, бірегей құбылыс Қаныш Сәтбаевтың өнегелі жолы» атты алқа мәжілісі өтті.

каныш (16)

Бұл мәжіліс металлогения мектебінің негізін қалаушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, КСРО Мемлекеттік және Ленин атындағы сыйлықтың иегері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Жиынның мақсаты – ғалымның мұрасын насихаттау және студенттердің көшбасшылық, шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру.

Ең әуелі университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов сөз алып, Қаныш Имантайұлының шығармашылығына қатысты біраз мағлұмат айтты.

каныш (1)

– Біз Қаныш Сәтбаев шығармашылығын тереңірек зерттеуіміз керек. Оның ғылымдағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол – геология  ғылымын ғана емес, археология, тарих, тіл білімі және әдебиетті де жақсы білетін тұлға. Кеніштердің кен-техникалық ерекшеліктерін көп зерттеген энциклопедист ғалым Қазақстаннан алтын, күміс, жез, мыс, никель, кобальт және басқа да еліміздегі өндірісті көркейтуге негіз болған химия элементтерін тапты, – деді Мерген Қуанышұлы.

Бұдан кейін филология факультетінің студенттері Жанәділ Қуандық пен Аманбек Санат Әбділдә Тәжібаевтың Қаныш Сәтбаевқа арналған жыр-дастаны мен Хамит Ерғалиевтің «Ғарыштағы Қаныш» атты балладасын нақышына келтіре оқып берді. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Абат Қыдыршаев ғалымның көрегенділігі, шешендігі, тапқырлығы төңірегінде әңгіме өрбітті. Содан соң университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов Қазақстан ғылымы туралы сөз қозғап, алдағы уақытта ауқымды, жан-жақты зерттеу жүргізілуі керек екенін тілге тиек етті.

каныш (8)

– Ол – өзін ғылымды дамытуға, халыққа қызмет етуге арнаған ғалым. Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске енгізу арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың жаңа кендері ашылды. Жалпы Қаныш Имантайұлы геология ғылымында аты алтын әріптермен жазылатын ірі тұлға, – деді жаратылыстану-география факультетінің аға оқытушысы Балдай Ходжанова.

Өз кезегінде облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының директоры Данияр Сұлтанов Қазақстанның минералдық ресурстары мен рудалық гендер генеалогиясы жөнінде ой қозғады. Физика-математика факультетінің оқытушысы Зарует Закариева Қаныш Имантайұлының оқушыларға арналған «Алгебра» оқулығы туралы айтты. Ал тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушысы Әйгерім Құспанова ғұлама ғалымның Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерге жүргізген зерттеулері хақында баяндама оқыды. Сонымен қатар мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы Ботагөз Тайпанова Қаныш Сәтбаевтың қазақ халқының музыкалық мұрасына қосқан үлесі жайлы айтты. Филология факультетінің студенті Зерігүл Ажмұратова мен тарих, экономика және құқық факультетінің студенті Нұрәлі Шаяхметов те ойларын ортаға салды. Жиын соңында шара қонақтарына арнайы жасақталған көрме таныстырылды.

каныш (2)

– Кемеңгер тұлғалардың еңбегін, шығармашылығын өскелең ұрпаққа таныстыру – біздің негізгі міндетіміз. Жастар қазақ даласында туып-өскен ерекше дарын иелерінің, ғұламалардың өмірі жөнінде біліп өсуі тиіс. Қаныш Сәтбаевтың пайдалы қазбаларды тауып, оны ел игілігіне жұмсау жолындағы еңбегі оразан зор. Ол кез келген тақырыпта ой өре білген, – деді Абат Сатыбайұлы.

 

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале