7.06.2022, 9:15
Оқылды: 59

Біз сіздермен мақтанамыз

«Ата-анамыздың алдындағы перзенттік борышымызды адал атқардық па?» деген ой кейінгі кездері мені мазалайды. Өмірде арқа сүйер ата-анамыз біздерге әр кез пана болып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірді. Ардақты ата-анамыз туралы, олардың бізге берген тәлім-тәрбиесі жайында көп нәрсе айтуға болады. Біз бақыттымыз, себебі біз ата-анамыздың өнегелі тәрбиесін, жанұямыздың жарасымды татулығын, сыйластығын көріп өстік. Сондықтан мен олар туралы қолыма қалам алып отырмын.

2

Ата-ана деген атауға әбден лайықты ел құрметін көріп, халықтан әр кез алғыс алған ата-анам – Әдиет пен Бөпеш Абдрахмановтарды мақтанышпен айта аламын.

Әкем Әдиет Төремұратұлының жалын атқан жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп, 1945 жылы әскер қатарына алынады. Ол қаруластарымен бірге жауды жермен-жексен етіп кеткен Украин және Беларусь қалаларын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Кейін Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын үздік бітіргесін, Ресейдің Саратов қаласындағы зоотехникалық малдәрігерлік институтына емтихансыз қабылданады. Бес жылдан кейін туған еліне жоғары білімді маман болып оралды. Саналы ғұмырын елінің экономикасын арттыруға арнады. Алғашқы еңбек жолын сол кездерде Одаққа аты танымал «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытында зоотехник болып бастаған әкемнің еңбек жолы көп уақыт өтпей-ақ ілгері басып, жоғарылай түсті. Туа біткен еңбексүйгіштік және тапсырылған жұмыстарды ұйымдастыра білетін іскерлік қабілетінің арқасында 1963 жылы Жаңақалада жаңадан құрылып жатқан «Айдархан» совхозына директор болып тағайындалады.

Әкем, ең бастысы, адамдармен жақсы тіл табыса білді, әрқашан олар­дың орынды пікірлерімен санасып, бірлесе ұйымшылдықпен қызмет атқарды. Ауыл адамдарынан қолынан келгенше көмегін аямады.

Жаңақаланы ұзақ жыл басқарған Әділғазы Нұрғалиевтің «Жаңақала – ақиық алыптар мен жайсаң жандар мекені» атты кітабында әкем Абдрахманов Әдиеттің есімі елімізге орасан зор еңбегін сіңірген Кенжебек Меңдәлиев, Сатқали Сапаров және бала кезден досы, еңбек жолы бірге өткен жайсаң әкеміз Бейсембі Ғұбашев, тағы басқа ел ағаларының есімдерімен бірге аталады. Әкемнің еліне, халқына сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. «Құрмет белгісі» ордені мен сол замандағы жоғары награда болып саналатын Қазақ ССР Жоғары советінің Құрмет грамотасымен, көптеген медальмен марапатталды. Өкініштісі сол, әкем 54 жасына қараған шағында, «Жаңаталап» совхозында бас экономист болып қызмет атқарып жүрген кезінде кенеттен дүние салды. Әкем өзі өсіріп, тәрбиелеген ұл-қыздарының қызығын, немере-жиен сүю, еңбегінің зейнетін көру бақытын көре алмады. Бүгінде әкемізді көрген, бірге жұмыс істеген ел азаматтарын көргенде, олардың жылы лебіздері мен ақ пейілін байқағанда көңіліміз марқайып, жүрегімізді ыстық қуаныш жалыны шарпиды. Әлі күнге арқасүйер күш-қуат беріп келе жатқан әке рухына бас иеміз.

Әкемізге асыл жар болған, бізге ардақты да мейірімді ана бола білген Бөпеш Қайырқызы туралы да, оның жанұядағы, бала тәрбиесіндегі өнегелі істерін және 40 жыл білім саласына сіңірген ұстаздық еңбегін, шәкірт тәрбиелеудегі үлгілі жақтарын толық айтуға болады. Екі ұл, үш қызының ортасында ақылшы ана, немере-жиен, жиеншар сүйген асыл әже, шәкірт құрметіне бөленген ардагер-ұстаз болып ғұмыр кешті. Сол бір асыл жанның өмірден өткеніне де бір жыл толмақшы. Марқұм анамыз Бөпеш Қайырқызының өмір жолына тоқталсам, балалық шағы соғыс кезінде ел кешкен қиындықтарды көріп, сезініп, жоқтықтың да, тоқтықтың да дәмін татып өсті. Жоқ деп жасымайтын, бар деп тасымайтын, барға шүкіршілік еткен қанағатшыл мінезі балалық кезінде көрген қиындықтың әсері-ау деп ойға қаламын.

Анам негізгі мектепті аяқтағаннан кейін Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып елге оралады. Алғашқы еңбек жолын Ақкөл мектебінен бастаған анамыз қырық жыл үздіксіз ұстаздық еңбек етті. Жұмысынан қол үзбей, А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітіріп алды.

«Айдархан» мектебінде және Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінде тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ұзақ жыл бастауыш партия ұйымының жетекшісі болып, қоғамдық қызметті абыроймен атқарды.

Еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түскен анам бұрынғы Жалпақтал ауданындағы Көмекші негізгі мектебіне директор болып қызметке тағайындалды. Шағын ауылдағы мектептің салынуына, мектептің ішкі жабдықтарының жаңадан алынуына және мектеп интернатының күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылуына бір кісідей атсалысып, жұмыстанды.

Қазіргі уақытта талай шәкірті өмірден өз орнын тауып, тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне үлестерін қосып, әр салада еңбек етуде.

«Орнында бар оңалар» дегендей, әкеміз салған сара жолды жалғастырып, аманатын орындап, ұл-қыздарын оқытып, әрқайсысының үлгілі шаңырақ болуына септігін тигізген анамыздың орны – біз үшін бір төбе, үлкен қуаныш. Осындай ата-анадан өнегелі тәрбие алып, бәріміз ел қатарлы еңбек етіп, жарасымды отбасы болғанымызға, ұрпақ өрбітіп, құда-жекжат, ағайындардың ортасында үлкен әулет болып отырғанымызға шүкіршілік етемін.

Басыма үлкен қайғы түскенде де басымды сүйеп, сабырлыққа шақырып, «Ақылмен артының қайырын күт, бәрі де жақсы болады, сабырлы бол, бұл – өмірдің сынағы» деп маған демеу болған, жыласам, бірге жылап, мен күлсем, бірге күлген аяулы анашымның аруағына басымды иіп, мың да бір алғыс айтамын.

Асылай Абдрахманова,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале