Кеше Орал қаласындағы Жеңіс алаңында облыс әкімі Ғали Есқалиев құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерімен кездесті. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.
– Жергілікті тұрғындар тарапынан саяси-экономикалық талап-тілектер айтылған шеру өңірімізде бейбіт мақсатта өтті. Алайда арам ойлы арандатушы топтың да болғанын жоққа шығаруға болмайды. Өзінің Отан алдындағы қызметтік борышын абыроймен, адалдықпен атқарып, қайсарлық пен батылдық көрсеткен Полиция департаменті, Прокуратура, Шекара, Ұлттық гвардия мен Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне, сын сағатта ауызбіршілік танытқан ерікті белсенділерге облыс тұрғындары атынан зор алғысымды білдіремін! Сіздер 4-5 күн бойы 24 сағат тұрғындардың өмірін күзетіп, қауіпсіздігін сақтап, Отан алдындағы қызметтік борыштарыңызды абыроймен атқардыңыздар. Сіздер кешегі батыр да рухты халықтың ұрпағы екендеріңізді тағы бір мәрте дәлелдедіңіздер. Еліміздің іштей әлсіреуін кейбір сыртқы да, ішкі де арам ниетті арандатушылар өз пайдасына пайдаланып кетуі ықтимал екенін ешқашан естен шығармаған абзал. «Бір күнгі ұрыстың қырық күндік кесірі бар» деп халық тегін айтпаған. Осы оқиғалар бастамаларымызға кері әсерін тигізбесе екен. Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз, ортақ шаңырағымыз.
Қадірлі жерлестер, бізде басқа Отан жоқ! Халқымыз әрбір істі сабырмен шешетін ұстамды болған. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең басты міндетіміз – рухани құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді сақтап, өскелең ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие беру арқылы ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, киелі де қасиетті қара шаңырағымызды шайқалтпау. Осы жолда бар күш-жігеріңізді салатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Бәріміз қуанышпен қарсы алып, жақсы үміттермен, жаңа жоспарлармен бастаған жаңа жылымыздың алғашқы күндері халқымыз үшін ауыр әрі қиын сәттерге толы болды. Еліміздің барлық аймағында орын алған толқулар мен митингілер біздің өңірімізді де айналып өтпеді. Тұрғындардың тәртіптілігі мен мәдениеттілігі арқасында біздің өңірде бүлік, тонау және қантөгіс орын алған жоқ. Мемлекет басшысы орынды шешімдер қабылдады. Бұл шұғыл шаралар елімізде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалды, қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған. Ақжайық жұрты қандай жағдай болмасын әр кез өзінің мәдениетті, тәртіптік деңгейі жоғары, ауызбіршілігі мол ел екенін тағы да дәлелдеді.
Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына күн түскен осындай сынақты біртұтас ел болып еңсере білдік. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде жағдай тұрақталды. Сол бір қаралы күндері шабуыл жасалған мемлекеттік мекемелер құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен құтқарылып, күнделікті тіршілігіміз үшін қажетті коммуналдық нысандар, сауда үйлері мен банктердің жұмысы қалпына келтірілді. Төтенше жағдай режімі кезең-кезеңмен өңірлер бойынша алынып жатыр.
– Өкінішке орай, қатарымыздағы бірнеше жауынгерден айырылып қалдық. Елі мен жерлестерін қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан біздің ержүрек әріптестерімізді Қазақстан халқы ешқашан ұмытпайды. Олардың отбасы мен туған-туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Қызметтік міндетін атқару кезінде 16 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның қызметшісі қаза болды. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен облысымызда 13 қаңтар сағат 07.00-ден бастап төтенше жағдай режімі алынып тасталды. Тәртіп сақшыларының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында жағдай тұрақталды. Теріс пиғылды адамдардың әрекеттерін тоқтату үшін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, жаппай тәртіпсіздікке жол бермеуге қатысқан Полиция департаментінің жеке құрамына және Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін. Біздің қызметкерлер үйіне бармастан, үзіліссіз тәулік бойы әскери бекеттерде кезекшілікте тұрды. Бір аптадан астам уақыт жеке құрам қолдарына қару алып, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін күндіз-түні қызмет етті. Радикалды көзқарастағы адамдардың арандатуына бой алдырмаған бейбіт тұрғындарға да мың алғыс! Қоғамдық бірлестік басшылары, запастағы офицерлер, ішкі істер құрылымдарының ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, спорт клубтары, еріктілер өз Отанын қорғауға дайын екенін көрсетті. Қарапайым адамдар учаскелік полиция пункттеріне келіп, көмек көрсетіп, полицейлермен бірге көшелерді патрульдеу үшін халық жасақтарын ұйымдастыруды ұсынды, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Әбләзімов.
Махсудхан Нұғманұлының айтуынша, жаппай тәртіпсіздікке, содырлардың сауда нысандары мен жазықсыз тұрғындардың мүліктерін қиратуына жол берілген жоқ. Митинг кезінде жәбірленгендер де болған жоқ. Полиция департаментінде жедел штаб құрылып, оның құрамына барлық күштік құрылымдардың өкілдері енгізілді. Жаппай тәртіпсіздік басталған күннен бастап жеке құрам күшейтілген тәртіпте қызмет етуге көшірілді. Стратегиялық, маңызды және аса маңызды мемлекеттік нысандар, тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар күзетке алынды.
Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов та тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, барша кәсіпкерлердің атынан құқық қорғау құрылымдарына теледидар тарту етті.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz