26.09.2023, 10:45
Оқылды: 123

«Біздер бала болмадық...»

 

(Мектеп сахнасына)

Сахна ашылмас бұрын шат күлкі, ән, балалардың ойнаған дауыстары естіліп тұрады. Шымылдық сырғып ашыла бергенде жарық жалп етіп сөніп, соғыс үні құлаққа келеді. Мұқағали Мақатаевтың «Болмасын соғыс, болмасын» сөзіне жазылған ән орындалады. (Қойылымның лейтмотиві осы ән).

дала (1)

 

... Мазасыз мына ғаламда,

Қатер көп әлі адамға...

Ақ құсымнан амалсыз

Адасып мен қалам ба?!

Әлди-әлди, әлди-әлди

Келмесін ол күн, келмесін,

Төнбесін қатер, төнбесін!

Соғыстың өрті жанбасын,

Сәбилер жетім қалмасын!

Есігіне әр үйдің

Бесігіне сәбидің,

Әлди-әлди, әлди-әлди

Мәңгілік бақыт орнасын,

Болмасын соғыс, болмасын!

(Ән орындалып жатқанда қаракөлеңке сахнада  шашы жалбыраған, кішкентай  қыз, екі -үш бала  шүберек қуыршақ, ат қып мінген талмен  ойнап жүреді де, кенет қуыршақ,  "аттары" шыр көбелек айналып  ұшып, жоғалып кете барады.(шарғы жіппен жоғары тартып алу). Олардың соңынан айғайлап, жылап балалар да ұзай береді. Жарық сөнеді.

Прожектор. Ақ шашты ана. Бешпетінің кеудесінде жалғыз медаль жарқырап көрінеді.

Ана: – Таныдыңдар ма, жұртым? Мен Ақсуатта тұрған Ахмәдидің қызымын ғой. Бәймен атаның баласы ше! Ғарипамын. Сол. Осы өзіміздің Теректінің Ақсуатынан, мы-на Тельманда туған кішкентай  қыз едім. Соғыс басталған жылы 7 жасқа толып, мектепке баруға әзірленіп жүргем-тұғын... 87 жасқа келдім, мінекей. Қартайдым. Мен қартайғалы, біз қартайғалы қаша-а-ан! Біз, өзім қатарластарды айтам, сол бір жылы-ақ бір күнде қартайып кеткенбіз.

Бала болып, асыр салып ойнап та үлгірмедік  Соғыс тартып алды балалығымызды...(«Біздер бала болмадық» деген үзік-үзік сөздің аяғын лейтмотив әуені көміп кетеді.Прожектор сөнеді. Алыстан 6-7 жасар баланың шырқырай жылаған даусымен араласа  ,аналардың зарлаған, қарғыс жаудырған үндері естіледі).

Дауыс: Атаңа лағынет, сұм пәшес! Атаңа лағынет сұм жендет! Атың өшкір Гитлер! Атың өшкір, сұм соғыс!

Еркектеріміз опат болды, жер құшты... Жетім қалдық, жесір қалдық...

Өз елің тап осылай зарлап қалсын!

Соғыс! Ажал! Қасірет,тақсырет...

Алла-а-а! Сақтай көр өзіііің!

(Жарық қайта жанғанда аударылған арба. Төгілген бидай. Жерде еңбектеп, бидайды бір-бірлеп уыстап, үрлеп етектеріне жинап жүрген балалар. Шыбыртқысын шартылдатып, балаларды, оларға араша түскен аналарды сабап, әйелдерді арбаны айналдыра қуып, ақыра айғай салып  жүрген шолаққол бригадир.

– Жина! Бір талын қалдырмай жина да сал орнына! Контра!!!

1-әйел: (жылап)

– Құдайдан қорықсаңшы, біргәдір қайнаға. контра деп қарғадай балаға... Арамқатқыр өгіздерге шошала тиіп, шодыралап шапқанда бас бере ме бізге... Мына сона да шағып  шыдатпайды малды...

Бригадир: – Тоқтат! Мына бидайдың әр түйірі бір оқ екенін білесіңдер ме? Жауға атылатын қанша оқты  шашып тастадыңдар. Жина, бірін қалдырмай. Әйтпесе, басың кетеді осы бидайдың орнына! Қане, бол! Бол!

2-әйел (жылағанның басын сүйеп, көзінің жасын сүртеді):

– Жылама, келін, жылама. Жылағанмен бола ма. Бұған да шүкір етейік, төгілген бидайды жинап орнына салдырмай, бірден ұстап әкетсе не істер едік? Ана көрші ауылдағы көзің шыққыр бүкір  біргәдір Қанышаны сөйтіп соттатып та жіберген жоқ па. Бұ кісі, аузы айқайлағанмен, ішінен жаны  ашып тұрады, білдірмесе де. Соғыс көріп келгені  бар  ғой.

Бригадир: – Неғып отырсыңдар сендер, ей! Болыңдар әйда! Балдарды  өгіздің үстіне отырғызыңдар, шыбын қақсын! (Шиқылдаған арба дөңгелегінің даусы, мөңіреген сиыр, чу-чулеген балалар дауыстары).

Әйелдер:

– Құлап қалмаңдар, қарғаларым!  – Әкесінен қалған жалғыз қарама жар бола көр, Алла!

– Аа-а...

– Ыы-ы-ы...

– Чу, чу!

– Цоп!

– Әк!  (видео-бейнеде арбалар сықырлап жөнеле береді. Литмотив.)

Бригадир (көзінің жасын жеңінің сыртымен сүртіп, тізерлеп отырып):

– Қайтейін...Мен де қайбір жетіскеннен жекіріп жүр дейсің. Қатты болмасқа болып тұр ма!. Заман осылай болып кетті. Соғысқа барып, екі қолдың бірінен айырылып оралған түрім мынау... Ұрысқысы  келгеннен ұрсады деймісің сорлы басым. Өзіме де,  өзгеге де ақырып қайрат бергендегім ғой... Кешіріңдер, кішкентай еңбекқорларым...Кейін... Кейін түсінерсіңдер барлығын.. Неге қабағым ашылмайтынын... Неге жүзім жылымайтынын...(Литмотив. Жарық сөнеді.)

ІІ

Ересек тартып қалған  екі қыз, екі-үш ұл  маяға арқаларын сүйеп, шүйіркелесіп отыр.Біреуі қалтасынан түйіншегін алып, ішінен бір шақпақ шекер шығарады.

– Шекер ме?

– Шекер?

– Берші, бір тістейін.

– Мә. Тек тістеме, жала... Ағам әскерден  алып келген. Өзі жемей, маған беріп кетті. Одан да өзі жегенде, жарасы асқынып өлмейтін еді (қолының сыртымен көзін сүртіп, жер шұқылап қалады. Балалар шекерді шүберектің үстіне қойып, үнсіз қарап барып, кезектесіп қолдарына алып, ауыздарына апарады)

Ғарипа:  – Оқығым келеді менің.

Құрбысы: – Кімнің оқығысы келмейді дейсің?

Ұл бала: – Оқу жоқ. Мектеп жабық. Сенің жасың да асып кетті, енді мектепке алмайды!

Ғарипа: – Өтірік айтпа, мен бәрібір оқимын. Оқимын дедім бе, оқимын!

Екінші ұл: – Оқымайсың. Оқымайсың. Мынау да, анау да, бәріміз де оқымаймыз.Оқу жоқ енді бізге.

Ғарипа: – Ендеше  Шөмпек молдаға барып оқимын!

Құрбысы: – Шөмпек атаның оқуы ескіше, ол бізді оқыта алмайды.

Ғарипа: – Иә, саған! Ол кісінің оқуы мықты.Қайдан  оқығанын білмейсің ғой сен.

– Айтасың-ау!  Қайдан оқыпты, ал?

Ғарипа (сыбырлап)–  Жер астындағы мектептен!

Қасындағылар: (шектерін тартып,көздерін бақырайтып)–

– Өтірік!

– Қой,  соқпа өтірікті!

– Сен де айтасың-ау...

Ғарипа: – Шын! Бәстесесің бе? Маған атам айтқан. Бөрлі мен Долинныйдың арасындағы өткелдің маңатында жерастынан салынған мектеп бар. Қызылдар дін медреселері мен мешіттерді қиратып, ескіше оқуға тиым салған кезде ахундар мен қажылар  балалардың сауатын аша бермек үшін  солай  жасырынған деп.

Ұл бала: – Ол мектеп бар ма екен  қазір? Іздейтін екен!

– Білмеймін, құлап та қалған шығар ендігі...

Бригадирдің дауысы: – Қайда жүрсіңдер,әй, жүгірмектер! Жүгір! Бол, мында кел!

Иіріліп неғып отсыңдар, түге! Шық бері!  Қырманға  кісі жетпей жатыр! (Балалар үсті-бастарын қаға-маға сүрініп-қабынып шыға жөнеледі. Литмотив. Жарық сөнеді).

ІІІ

(Сахна қараңғы. Прожектор жарығында –қарт ана Ғарипа):

– Сөйтіп мен мектепке  кешігіп бардым. Кеш те болса, барғаныма шүкір сол. Оралдың  пансионына қабылдандым, әкесі, ағалары соғысқа кеткен, жалғыз анасымен қалған жетім ретінде. Бірінші класс партасына он жасымда отырдым. Бұл оқуға да қолым жетпей қалатын едім... "Жыртық үйдің Құдайы бар" деп, бірдеңе етіп ілігіп кеттім.Ол ұзаақ әңгіме...

...Нағыз қиындық енді басталды.  Үкіметтің беретіні жоқ. Жалаң аяқ, жалаң бас, дірдектеп жүріп өзім сияқты жетім, жартылай жетімдермен бірге оқуға кірістім.

Ол күнде Оралда қазақ жоқ. Өңкей орыс ұлты тұрады. Соларға  жалба-жұлба түріміз-ді көрсетуге басшылар  өздері  ұяла ма, әлде бізді ұялады дей ме,  көшеге шығармайды.Шығуға халіміз де жоқ қой, дәретханаға барып келуге ортақ  аяқ киімге кезекке тұрамыз. Оқу бөлмелері жатақхананың ішінде. Қала кішкентай. Анау орыс шіркеуі (алтыншы шіркеу дейтін оны) мен вокзалдың арасы кәдімгідей ашық, бос жататын. Он күнде бір, я таң қараңғысында, я күн батып, кеш әбден түскен соң біздерді моншаға алып баратын.

Басымызға жамылғы бүркеніп жүгіріп бара жатамыз. Моншаның нағыз өзіне де түсірмейді, ауыз бөлмедегі бір бөшке суға басымызды, бір бөшке суға үстімізді жуған болып, бұрыштағы  дезкамераға  киімдерімізді бұқырлап, іле кері жүгіртеді. Екі кварталдай жерге жеткенше, қанша тез жүгірсең де  шашыңа мұз қатып, үсіп қала жаздап келесің қысты күндері. Темір пешке шашымызға сірескен мұзды ерітіп отырып,  бір тілім нан мен ыстық қара шәйді армандайтынбыз.

1948 жылдың қаңтарында кәдімгі мақта салған матрас көрпе (оған дейінгісі салом матрас), сукно–жамылғы, әскери көк бөрік пен шинель берілгендегі бәріміздің қуанғанымыз! Әсіресе, аяғымызға киюге қорпылдаған бір-бір солдат бәтеңкесі тигенде,  аяғымыз үситін де жүретін біз байғұстар, жүрегіміз жарылардай болдық. Жылағымыз келген, көзімізден жас шықпады.. Қуанғанымызды да сыртқа шығара алмайтындай болып, қатып  қалған балалармыз ғой. Ішімізден ғана қуанамыз біз. Жыласақ та, ішімізден жылаймыз...

Әлі есімде... (лейтмотив әуені "Болмасын соғыс..." Жарық сөнеді).

IV

Буыншақ-түйіншектерін ұстаған оқушылар   мектепке келіп, комендантқа қағаздарын көрсетіп, ішке кіріп жатыр. Кейбірін кіргізіп, кейбірін кіргізбейді. Ересектеу он шақты  бала  іріктеліп  шетке  қағылады.

– Апа-ай, кіргізіңізші...

– Болмайды!

– Неге болмайды?

– Бұйрық солай.

– Мә-ә

– Не істейміз енді?

(Іштен мектеп директоры әйел шығады.)

– Балалар! Қыздар!  Мектеп ережелері  нормативіне сәйкес,  сендер  мектеп жасынан   асып кетулеріңе байланысты  оқудан  шығарылдыңдар.(шошынған дауыстар, бір -екі бозбала бастарын ұстап жүрелеп отыра кетеді.)  Түсінесіңдер ме, сендер кәмелеттік жасқа  баяғыда толып кеттіңдер. Қараңдаршы өздеріңе, ересек  қыздар мен жігіттерсіңдер... Мектеп партасына да сыймайсыңдар ең кішісі. Оқып жүрген кластастарың болса кішкентай балалар. Сондықтан оқуды доғарып, басқа жерлерге орналасқандарың дұрыс. Ал мұнда сендерге орын жоқ.(Директор қатаң дауыспен сөйлеп, бұрылып ішке кіріп кетеді. Жарық қарауыта сөніп, айқыш-ұйқыш прожектор сәулесінің арасында сенделіске түскен балалар  көрінеді.) Дауыстар:  – Енді қайттік?

– Соры арылмаған сорлы бастарымыз-ай! – Тарайық.

– Қайда барамыз? – Кейін кететін ақшам да жоқ. – Қарным  ашты...

– Тоқтаңдар! Кетпейміз ешқайда.(Прожектор  ересектеу, өжет қыз балаға түсіріледі.) – Кетпейміз. Қонамыз осы жерге. Осы аулада жатамыз. Неше күн қаңғысақ та, келіп түнейтін жеріміз осы болады. Ал күндіз басшыларға барып, кеңселерді жағалап  арызымызды  айтамыз.

– Кім кіргізеді біздерді мына түрімізбен ол кеңселерге?

– Жақындатар  дейсің бе?

– Кіреміз. Ортамыздан бір-екеумізді дұрыстаңқырап киіндіріп, қалғанымыз сыртта тұрсақ та бірдеңе қыламыз. Шегінбеуіміз керек. Біз әскердің балаларымыз. Әкелеріміз майданда қаза тапқан...

– Дұрыс қой. – Иә, сөйтейік.

–  Қайдам... (Ерсілі-қарсылы жарық ойнап, балалардың үстеріндегі бүтіндеу киімін  шешіп, ортадан бір-екеуін киіндіргендері, қол

ұстасып, топтанып жүргендері, есіктерді қаққандары, күзетшілерге жолығып, мұңайып тұрғандары, иіріліп дағдарып отырғандары т. б. көріністер елес береді. Лейтмотив, дүрсілдеген жүрек соғысы естіліп тұрады  арасында).

Сахна жарықталып, тынышталып,  манағы екі қыз жүгіріп кіреді топқа:

– Сүйінші! Қайтадан қабылданатын болдық оқуға!.

Балалар: – Шын ба? – Неғып?

– Он бес күн қаңғыған еңбегіміз қайтатын болды-ау! – Құдай бар екен ғой, әкеммен бірге соғыста өліп қалды ма деп ем...

Ғарипа: – Шын! Облисполкомнан да, горкомнан да, военкомнан да женком мықты екен, ал! Қайырымды әйелдер отырады екен онда. Мектеп директорын шақыртып алып жеп қоя жаздады. Қазір апарып орналастырып бол! – деп тәртіп берді.

Балалар жамырап:

– Оралдың әр ағашын, вокзалынан бастап, қуыс-мүйісін түгел жаттап алдық есесіне. – Көшеде қалған қайыршыларға қайырыммен қарайтын боламын енді өмір бойы...

– Жылайын деп ем, көзімнен жас шықпайды. Жылағым кеп тұр...Неге жылай алмаймын мен?

(Лейтмотив.. Жарық сөнеді).

V көрініс.

(Лейтмотив. Ғарипа  ана шығады)

– Осылайша оқу-тоқусыз қала жаздап барып, жиырма жастан аса бергенде мектеп бітірдім. Арманым дәрігер болу еді. Алматыға жетуге жағдайым жоқ. Оралдағы пединституттың химия-биология факультетіне оқуға түстім. Ең алғашқы стипендиям қолыма тигенде бірінші рет ағыл-тегіл  жыладым. Мен де қолыма ақша ұстайтын болдым-ау деп жылағанмын сонда шемен болып қалған көз жасым жібіп. Сол ақшадан тырнақтап жинап, штапель көйлек,  қайырма жағалы бешпет, бір-екі пардан ішкиім,  шұлық, ағаш тақалы, қысқа қоныш резеңке етік  сатып алғанда  тағы да жыладым. Жаңа киім кигеніме жыладым бұл жолы.

Киімім жеңіл, қыстай жатақхана мен институттың арасына резеңке етікпен жүгіріп барып, жүгіріп келіп жүріп бірінші курсты тәмамдадым. Екінші курстың қысында стипендиямнан қыздармен бірігіп «котел» ойнап, күздік пальто, жылы етік сатып алып, қатарға қосылдым...

Бізде балалық болған жоқ. Соғыстың өзі келмей-ақ, жаңғырығы осылай қуырды Оралды да, мен өскен Теректі жақты да. Бәрінде де солай болған шығар...

(Екінші жақтан ардагер қарт шығады):

– Иә-ә, Ғарипа. Соғыс біткенде, бастары аман қалғанының өзін тойға санаған халық  кез келген еңбекке құлшына кірісті. «Қираған шаруашылықты қалпына келтіру! Білім! Жұмыс орындарын ашу!» ұрандарымен өмір сүрдік.

Ақсуат пен Тельманның арасын орман жасаймыз деп, Орынбордан вагон-вагон қара топырақ тасылғанын айтсаңшы! Оны вокзалдан осында тиеп, тасып жеткізіп, айнала қырға, жол жағалата төсеп, жан-жақтан әкелінген алуан түрлі жеміс ағаштары мен тал-теректерді отырғызған да, күтіп-баптап нуға айналдырған да осы өзіміз, біздің замандастар, батырлар мен күрескерлер...

Жанпидалықпен соғысты, соғыстан соң туған жерге аянбай тер төкті...

Ғарипа: – Еңбекпен жұбандық біз. Бес жыл сор кештірген, жапа шектірген зұлматтың  өшін еңбектен алдық. Қиындыққа пісіп қалған мен де  педагогикаға бір кісідей еңбек сіңірдім.

Дипломымды алған соң, жолдамамен Шыңғырлау ауданына барып, сол жақта тұрмыс құрдым. Мұғалімге

тиесілі мәртебе, медальдардың біразын алдым. Кеудеге Үкімет таққан марапаттарымның ішіндегі мен үшін ең қымбаты – «Тыл ардагері» деген осы белгі. Бұл менің болмаған балалық шағымның өтемі... Сәбилік кезімнің жалғыз белгісі...(Көзінің жасын сүртіп ортада тұрады).

Қасына  немерелері келіп етегіне оралып, мойнына асылып, бетінен сүйіп жатады. «Болмасын соғыс, болмасын!» әні ойналады. Шымылдық жабылды.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале