8.12.2020, 16:40
Оқылды: 55

Біздің Құсекең

Бұрын газеттерде «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдар болушы еді. Жанымызда жүрген сондай бір жақсы жан туралы біразғантай сөз қозғамақшымын.

 Құс 2

Біздің Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінде жақсы ұстаздар жетерлік. Бұрыннан ұстаздық қызметте келе жатқан ұстаздар, әрине, көп емес. Солардың ішінде, Құспан Ғұмарұлының есімі елге таныс. Өзі киелі Тайсойған құмында туып, сол жусанға жайылып, өнген малдың сүтінен нәр алған ұстаздың есімі Батыс Қазақстан өңіріндегі қазақ тілі мен әдебиеті төңірегінде жүргендерге кеңінен мәлім. Оған басты себеп, Құсекеңнің шәкіртттері тек Ақжайық қана емес, күллі Қазақ елінде еңбек етуде. Оның үстіне, кәсіби бағдар жұмысымен Құсекең елге көп шығады, әсіресе, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарының мектептерін көп аралайды.

Сәл шегініс жасасақ, Құсекең біздің оқу орнына тоқсаныншы жылдардың орта шенінде марқұм профессор Отарәлі Бүркіттің шақыруымен келген еді. Профессор Мұрат Сабыр айтпақшы, «Біздің кафедрадағы ағалар буына жататын» Құсекең ісіне деген адалдығымен, оқу үдерісін жақсы білетіндігімен көзге түсті. Содан оқу үдерісіне белсене кіріскен Құсекең көптеген тапсырылған жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, көпшілік құрметіне бөленді. Ол қазақ тілінің лексикологиясы, араб тілі грамматикасы, жазу тарихы, жалпы тіл білімі сияқты қиын пәндерді толық игеріп, бағдарламалар құрастырып, студенттердің терең білім алуына бар күш-жігерін салды. Ол кезде бұның барлығын бірден алып кетуіне басты себеп, Құсекең мол тәжірибесі бар білікті маман болатын. Ең алғашқылардың бірі болып, қазақ этнолингвистикасы деп аталатын жас ғылымды дамытып, академик Ә.Қайдаридың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын жазған болатын. Мектеп бітірген соң бірнеше жыл жұмыс істеп, өмірлік тәжірибе жинақтап, сосын барып, Қазақ университетіне оқуға түскен еді. Құсекең оқу бағдарламасы ауыр шығыстану бөлімінің араб тілі мен әдебиеті мамандығын өте жақсы деген бағаға аяқтап, бірден жолы ауыр ғылым саласына бет бұрғанды жаны қалады. Оқу аяқтап, отбасын құрған жас маман Атырау университетінде ұстаздық қызметін бастаған болатын. Содан бірқатар жылдар бойы ұстаздық қызметте жүріп, ғылыми бағытта бұрылған болатын. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының күндізгі аспирантурасына түсіп, Ғылым Академияның азулы Ғылыми Кеңесінде «Қазақ тіліндегі халықтық космонимдердің этнолингвистикалық табиғаты» тақырыбында жазған ғылыми жұмысын сәтті қорғап шықты. Есімі елге мәшһүр ұстаздардан тәлім алған ол өзінің кәсіби деңгейін үнемі шыңдап отырды. Университеттің оқу бөлімінде абыройлы еңбек ете жүріп, студенттерге дәріс оқудан қол үзген жоқ. Көптеген жылдар бойы «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі болып лауазымдық қызмет атқарды. Бүгіннің өзінде кафедраның қоғамдық жұмыстарынан бас тартпай, тапсырылған іске жауапты қарайды.

Енді екінші сәл шегініс жасап, Құсекеңмен таныстығымыз туралы айтайын.

Мен Құспан Ғұмарұлымен 1997 жылы аспирантураны бітіріп келген соң, қоян-қолтық жұмыс істеу барысында таныстым. Тікелей таныстығымыз оған дейін болды. Бірде кафедраға барғанда марқұм ұстазым Отарәлі Бүркіт Құсекеңмен таныстырды. «Алғаш қорғаған білімді жастардың алдындағы жігіт» деп айтқаны есімде. Білікті кадр жинап жатқанын айтқан ұстазым Құсекеңе біздің оқу орны ұнап отырғанын, болашақта осында ұстаздық қызметке келгісі келетін айтып, қуанып отырды. Бұл, әрине, біздің кафедра үшін өте жақсы көрсеткіш еді, себебі ғылыми деңгейі жоғары мамандардың біздің университетте жұмыс істеуі – жоғары оқу орнымыздың беделін көтеруге өз септегін тигізетіні анық еді. Міне, содан бері, Құсекеңмен таныстығымыз ағалы-інілі сыйластыққа айналды. Ғылым, ғылымдағы ірі көрнекті тұлғалар, еліміздің тарихы мен келешегі, жалпы білім жүйесі мен жаңашылдық туралы біздің әңгімеміз таусылған емес. Оған басты себеп, Құсекеңнің кез келген ақпаратты талдай білетін қасиетінде жатса керек. Екіншіден, талдау мен сараптауға келгенде өзіндік талғампаздық дарынын бірден байқайсың, себебі Құсекең көп оқитын ұстаз, көп ақпаратты сүзгіден өткізетін ғалым деп білемін.

Құсекеңнің бойындағы басты қасиет: Алланың берген басты сыйы – қарапайымдылық пен адалдық. Бұл екі ірі қасиет кез келген адамда болғанымен, оны кез келген адам ұстап тұра алмайтынын тарихтан жақсы білеміз. Небір ірі тұлғалар соңынан «жұлдызды ауруға» ұшырап, профессор Серікқали Шарабасов айтпақшы, «неше түрлі күйге» түсіп жатқанын көріп жүрміз. Құсекеңе ондай мінез мүлдем жат, өмірі сол бір қарапайымдылықтан арылмай өтетіне шүбәм жоқ. Біреулерге жағыну, марапат сұрау, кеудеге тағар сылдырмақтар тағылмаса ренжу, тағысын тағы сияқты қылықтар біздің Құсекеңнің ойына кіріп те шықпайды.

Баяғының шалдары айтатын қазақтың қанатты сөзі бар ғой: «Құдай тыныштығын берсін, бұйырғанын жегізсін» деген. Біздің Құсекең де – қасиетті қара шалдардың осы бір қағидасымен жүріп келе жатқан азамат. Монографиясы, көптеген ғылыми еңбектері жарық көрсе де, шетелдік басылымдарда шығып жатса да ғалым-ұстаз сол бір баяғы қарапайым қалпында өзінің дәрісін оқуға келе жатқанын көресің.

Енді бірер сөз, ағамыздың отбасы, жары туралы айтқымыз келеді. Ағамыздың жары Бақтылы Сансызбайқызы еңбекқор әкенің тәрбиесінде өскендіктен болар, ағамыздың ақылы да болар, тынымсыз еңбектің нәтижесінде ағамызбен қатар, ғылым биігіне шығып, біздің қара шаңырақта еңбек етуде. Академик Т.Рысбековтің жетекшілігімен ғылымға қадам басқан апамыз Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданнан елге оралмаған апаларымыздың жарқын есімдерін қайтадан тірілтуде. Майданнан елге оралмаған жанкешті ерліктер жасаған апаларымыздың есімдерін біліп, апамыздың ағамыз сияқты ғылым сүйер жан екенін мойындап, ісіне еріксіз сүйсінесің. Қан майданға қатысқан сұрмерген Малика Тоқтамысова апамыздың ерліктерін оқып, құрметіне қызымның атын Малика деп қойдым. Ал балалары Аңсаған мен Ақиқат шетелден білім алып, әкесінің жолын жалғап, еліміздің білім ошақтарында абыройлы қызмет етуде. Ал қызы Арайлым еліміздің маңдай алды медицина университетін тәмәмдап, одан Ұлыбританиядан оқуын ойдағыдай бітіріп, бүгінде медицинаның зерттелмеген саласы бойынша Алмания елінде білім алуда.

Бүгінде Алаш елінің ардақты азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Аронов Құспан Ғұмарұлы абыройлы алпыс жасқа осындай тамаша жетістіктермен келіп отыр. Мұқағали ақынның мынадай өлең жолдарындағы:

«Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар,
Жақсы адамдар бұзылмас тас қамалдар.
Табаныңның астында жатады әлі,
Пенделіктен өресі аспағандар.
Жақсы көрем сендерді мен неліктен,
Мінезіңмен мызғымас ерге біткен?
Адамдықтың алдында аласарып,
Биік тұрған қашан да пенделіктен» дегендей, біздің Құсекең қашан пенделіктен жоғары тұратын қасиетімен «ерге біткен мызғымас мінезімен» бізге ерек жан екенін айтқымыз келеді. «Алпыс – талтүс» демекші, қаламыңызға шабыт, отбасыңызға береке тілейміз.

 

Ғабит Хасанов,

Батыс Қазақстан университетінің профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале