27.02.2024, 9:45
Оқылды: 62

«Біздің облыста татуластыру орталығы бар ма?»

Құрметті редакция, менің сұрайын дегенім соттан тыс қоғамдық татуластыру институттары туралы. Медиатордың (бидің), қатысуымен адамдар арасындағы дау-дамайды, талас-тартысты сотқа жүгінбей-ақ шешуге болатынын өмір талай дәлелдеді. Өзім де Ақжайық ауданында медиатор (би) болып істеймін. Қазақстанның көптеген жерінде билер кеңестері, ардагер медиаторлар, татуластыру орталықтары бар көрінеді. Олар облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылып жұмыс істеп жатыр деп естиміз. Біз де сондай билер кеңестері (ардагер медиаторлар) құрылған ба? Құрылса, оның мекенжайы, жұмысы жайлы толық мәлімет берсеңіздер екен.

Құрман Бисеғалиев,

Ақжайық аудандық «Әділет» татуластыру орталығының басшысы, медиаторы, 2018 жылғы медиаторлардың республикалық байқауының «Үздік медиатор» атағының иесі

Газет оқырманының бұл сұрағына Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген былай деп жауап берді:

максот берген

-          Газет оқырманы өте орынды сұрақ қойып отыр. Алдымен бұқара халықтың бәрі бірдей би-медиаторлар деген кімдер, олар немен айналысатынын білмеуі мүмкін. Сондықтан бұған әуелі, жан-жақты түсінік беріп кеткен дұрыс шығар. Адам баласы жаратылғаннан бері олармен қатар дау-дамай да бірге жасап келеді. Оның ешқандай сөкеттігі, тосындығы жоқ, өмір болғасын бірге жүретін құбылыс. Атам қазақ мұны «Ел даусыз болмас» деп мәтелге айналдырған. Даулар қоғам таңдамайды, олардың кез келгеніне тән құбылыс. Бірақ сол дау-жанжалдарды реттейтін мәдениет қандай, ол бар ма? Әдетте адамдар арасында келіспеушілік кездесіп қалып жатса, бірден сотқа жүгінеді. Сот ақ-қарасын шешеді, бәрін орнына қояды деген көзқарас біздің санамызда баяғыдан қалыптасып қалған. Сөйтіп, бір-бірімізді сотқа сүйрейміз.

Бір даудың соңында арызданушылармен қатар, сот, қорғаушылар, техникалық хатшылар, басқа да қызметкерлер апталап, айлап жүреді.  Қанша адамның уақыты кетеді? Қанша жүйке жұқарады, негізгі жұмысқа кедергі келтіреді. Айта берсе, тізе берсе, дауласып, соттасқан адамға келетін зиян шаш етектен. Шындығына келсек, даудың барлығын 100 пайыз тек сотпен шешу мүмкін емес. Өйткені оның шешімі екіжақты бірдей қанағаттандыруы екіталай. Ал кейде өмірде даудың ақ-қарасын айырып беруге келмейтін, сотқа тартуға үйлесіңкіремейтін жағдайлар, оқиғалар ұшырасады.

Мысалы, ерлі-зайыптылар арасындағы, отбасындағы, ағайын-тумалар, достар, көршіқолаңдар ортасында туа қалған талас-тартысты, дау-дамайды сотқа тартқан дұрыс па? Айталық, екі адамның арасында дау-дамай, таластартыс туып, екі тараптың бірі сотқа жүгінді делік. Енді одан әрі не болатынын қараңыз. Біріншіден, соттың істі қарауы созылып кетуі мүмкін, сот аяқталғанша, әдетте, бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Мұндай соттардың соңы шағымға ұласуы, ол Жоғарғы сотқа дейін жолдануы мүмкін. Сотқа жүгінуші тараптар бұл кезде жұмыстарынан қайта-қайта сұрануға мәжбүр. Кәсіп жасап жүрсе, онысы тоқтайды, жеке басының жұмыстарын бәрін ысырып қояды. Екіншіден, шығынға батасыз. Мемлекеттік баж төлеу керек, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз, жолға шашыласыз. Үшіншіден, осылай соттасып, аяғыңыздан таусылып жүргенде даудың сіздің пайдаңызға шешілетіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Ал ең қиыны, сіз сотқа берген адам досыңыз, туысыңыз, танысыңыз, қызметтесіңіз болса, араларыңыздағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке үлкен нұқсан келеді, сызат түседі. Ел аман, жұрт тынышта, бір-біріңізді көрместей болып кетесіз. Өйткені, сот ойыншық емес. Дау-дамайдың алаңы. Онда айтысуға, таласуға мәжбүр боласыз. Сот үстінде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр-ауыр сөздер айтады. Оның аяғы кешегі достар жауға, туыстар қасқа айналуы әбден мүмкін. Сондықтан сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, мұқият, жан-жақты ойланған жөн. Сіз немесе сотқа жүгінген танысыңыз, туысыңыз, досыңыз бір сәттік ашуға, сезімге (эмоцияға) берілген шығар?

Сәл-пәл ақылға жүгініп, келісімге келгенде кикілжіңді өршітпей шешуге болар еді ғой деп соңынан бармақ тістеп жатады. Қандай жағдайда да – татуласуға, келісуге, бітімге, мәмілеге келуге болады ғой. Одан екі жақ та ұтар еді. Уақыт босқа кетпейді, ақшаңыз жойылмайды, жүйкеңіз тозбайды, абырой-беделіңіз сақталады. Ең бастысы, қарым-қатынасыңыз үзілмейді.

Ата-бабамыз дау-дамай туындай қалғанда, қандай дау болса да, бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Медиацияға тереңдей қарасақ, бұл атам қазақта бұрын болған – Билер қызметінің заманауи түрі. Мақсаты – бітімгерлік, келісім. Бұл бағытта еліміздің «Медиация туралы» заңы бар.  Ол «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған билеріміздің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы десек қателеспейміз. Мына қызықты қараңыз, қазір дамыған елдерде де солай, даулардың 70-90 пайызы соттаспай-ақ, бітіммен аяқталады екен. Біздің елімізде дау көп. Оның көптігі сондай, судьялардың жүктемесі жылдан-жылға көбейіп бара жатқан көрінеді. Тіпті әр жыл сайын екі миллионнан астам іс қаралады. Бұл соттардың жұмыс сапасына, қаралу мерзіміне кері әсерін тигізуде. Бұдан құтқаратын бір жол бар, ол – сотқа дейін және соттың үстінде де татуласу үшін жанжақты жағдай жасау. Ол үшін өңірлерде сотсыз татуласу орталықтары құрылды. Онда кәсіби медиаторлар (билер) және басқа да мамандар жұмыс істеуде. Оған дейін, дәлірек айтсам, 2019 жылы 19 ақпанда, биыл бес жыл толып отыр, ҚР Жоғарғы соты мен ҚР Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Оның мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, медиаторлар – билер институтын жандандырып, ұлттық кодтың құндылықтарын қолдану арқылы құқықтық сананы өзгерту, халқымыздың жасампаздық қызметі үшін дауларды татуласу рәсімдерімен реттеу мәдениетін арттыру. Сол кезде бұл жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін және татуласу рәсімдерін реттейтін «Дәнекер» пилоттық жобасының ережесі мақұлданды. Онда «Сотсыз татуласу орталығы» жұмысын ұйымдастыру тәртібі, оған қатысатын ақсақал медиатор мен ардагер медиаторлардың қызмет нысаны мен мәртебесі анықталған. Медиаторлар (билер) ардагерлер кеңесінің (облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық, кенттік) жанындағы тәуелсіз тұлғалар.

Ардагер медиатордың міндетіне келетін болсақ, ол – қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға, дауласушылық жәйттердің алдын алуға ықпалын тигізу. Ұлттық салт-дәстүрімізді, ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын насихаттау. Дауласушы тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келтіру, мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу. Жариялауға жатпайтын құпиялықты сақтау. Ардагер медиаторды жергілікті ардагерлер кеңесінің төралқасында өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар ардагерлер ұсынады. Доғарыстағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады. Енді газет оқырманы, медиатор Құрман Жанұзақұлының сұрағына келейін. Иә, дауласушы жақтарды сотсыз татуластыру орталықтары Қазақстанның көптеген облысында жұмыс істеп жатыр. Оның бірқатарын өзім де аяқтай барып көзіммен көріп қайттым. Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу, Қостанай және т. б. өңірлерде орталықтар жұмысын жүйелі жолға қойған. Отыратын орындары, қызметкерлері,  техникалық құрал-жабдықтары сақадай-сай. Өздерінің тікелей міндеттеріне баяғыда кірісіп кеткен, тындырған нәтижелерін ауыз толтырып айтуға әбден болады. Әлгілерді көріп қызыққанымды жасыра алмаймын.  Менің облыстық ардагерлер ұйымына келгеніме көп бола қойған жоқ. Барлық уақытым мен күш-жігерімді, мүмкіндігімді, мен келген кезде тұралап жатқан  ұйымның жұмысына арнадым. Сондықтан медиатор қызметін қапелімде қолға ала қоятын мүмкіндігіміз болмады. Облыстық кеңестің, оның аудандағы бөлімшелерінің жұмысын жолға қойып, есімізді енді-енді жиып дегендей, жан-жағымызға қарап жатқан жайымыз бар. Көп ұзатпай медиаторлар (билер) жұмысын қолға аламыз, жолға қоямыз. Негізі медиатор қызметі бұрын болған, оны ардагер ағамыз, қоғам қайраткері, бұрын талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Атаев Асқар ағамыз жүргізген сияқты. Бірақ сол Асқар ағамыздың айтуына қарағанда, қазір сотсыз татуластыру орталығының жұмысы мүлдем тоқтап қалған сыңайлы. Сосын тағы бір-екі азамат татуластыру орталықтарын құрып, жұмыс істеп жатыр деп естідім. Бірақ олардың не істеп, не тындырып жатқандарынан хабарсызбын. Сондай-ақ әр рудың өз билері (медиаторы) болмақшы деген де хабар естіп отырмын. Меніңше, бұл бізге, қазекеңе, қазаққа керім қолайлы болады, тиімді, жемісті жұмыс істейді дегенге өз басым сенбеймін.

Облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан татуластыру (медиаторлар, билер) орталығын құруға біздің әлеуетіміз жетеді. Абыройы зор, өмір тәжірибесі мол, білім-білігі терең зиялы ақсақалдарымыз бар. Әрине, оған дейін жұмысқа тікелей жауапты маман және заңгер тауып, ұйымдастыру жұмыстарын біржақты қылып алуымыз  керек.

Сұрақ-жауапты қағазға түсірген Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале