Оралдағы Абай полиция бөлімінде жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтар көп. Солардың бірі – №2 учаскелік полиция пункітінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға учаскелік инспектор, полиция майоры Рафхат Мұсағалиев.
Рафхат Шмитұлы бұл салаға 2000 жылы келген. Алғашында мамандандырылған күзет қызметінде бес жыл қызмет еткен ол кейін Абай полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы болады. 2010 жылы учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалды. Учаскелік инспектор қаланың орталық бөлігіндегі көшелерді және орталық «Мирлан» базары маңайындағы тәртіпті қадағалайды.
– Полиция қызметкері болу менің бала күнгі арманым еді. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Біз халыққа қызмет етіп, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Сондықтан өзгелер үшін игі іс атқару зор мәртебе деп білемін, - дейді полиция майоры.
Жиырма жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол жұрттың қауіпсіздігі бірінші орында екенін айтады. Үлкен жауапкершілікті арқалаған ол «кез келген полицей елі мен халқына қалтқысыз адал қызмет етуі тиіс» деп санайды.
Рафхат осы салада көптеген қылмыстың алдын алу, әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесу бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақта қоғамдық тәртіптің сақталуын жіті қадағалап отыр. Сондықтан оның күнделікті жұмыс күні өзіне сеніп тапсырылған аумақты шолудан басталады.
Рафхат Шмитұлының айтуынша, «Мирлан» базары аймағында қалта ұрлығы жиі орын алады. Арагідік уақ-түйек қылмыстар мен құқықбұзушылықтар болмаса, қаланың орталығы тыныш.
– Жұмыс барысында қатал болатын кезде қаталдық танытып, қажет уақытында кешірімшіл де болуымыз қажет деп есептеймін. Сол себепті қызмет ететін пунктке қарайтын тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен сырлас, дос болуға тырысамын. Ең бірінші кезекте біз адамбыз, одан кейін ғана маманбыз. Полицейлер ашықтықты, жеделдікті, қолжетімділікті арттырып, азаматтармен тығыз байланыс жасауы қажет. Яғни кез келген адам көпшілік жерлерде қарапайым қағидаларды ұстанып, қоршаған ортаны таза ұстауға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ал тазалық қауіпсіз және таза шаһардың кепілдігі болып саналады. Көпшіліктен осындай қарапайым ережелерді сақтауын сұраймыз, - дейді полицей.
Гүламан Исмағұлова,
баспасөз қызметкері