22.08.2024, 11:15
Оқылды: 126

Бизнес-акселерация жобасы: қанша кәсіпкер қолдауға ие болды?

Жаңадан кәсіп бастаған жәнe бұрыннан бизнеспен айналысып жүрген жандарға қолдау көрсетіп келген Бизнес-акселерация жобасын іске асыру аяқталды. Осыған байланысты Оралда акселерация жобасын бастап, жүзеге асырған «Шелл Қазақстан» компаниясы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) фестиваль ұйымдастырды.

DF3E3AB0-A84F-435F-AD49-2B2B8E8AC83E

– Бизнес акселератор бағдарламасының мақсаты – нарыққа арналған өршіл жобаларды іздеу, жедел енгізу. 2018 жылдан бері жоба аясында 600-ден астам кәсіпкер қолдауға ие болды. Биыл екі айлық қарқынды оқыту барысында қатысушылар 24 сағат бизнес-тренингтерден өтті. Орал, Ақтау, Атырау, Алматы және Астана қалаларының 23 бизнес-тәлімгерінен жеке және топтық кеңестер алды. Кәсіпкерлер өңірдің жетекші кәсіпорындарына барып, үздік тәжірибелерімен танысты. Жоба барысында қатысушылар коучингтік қолдау алды, – деді фестивальдің ашылуында ЕҚДБ Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының жетекшісі Алма Қасымова.

«Шелл Қазақстан» компаниясының әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Гүлнафис Ахмарованың айтуынша, ЕҚДБ-мен бірлескен бастама өңірдің тұрақты экономикалық өсуінің кілті саналады. Сонымен бірге бизнесті дамыту бағдарламалары шағын бизнеске инновацияларды енгізуге, жан-жақты дамуға көмектеседі. «Shell Livewire» бағдарламасы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің инновациялық бизнес-идеяларын қолдауға және дамытуға, сондай-ақ өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыруға бағытталды.

4955A693-7031-475F-88C6-95C206D25B53

Бағдарламаның мақсаты – кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдыларын дамыту, жергілікті халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жәрдемдесу, бизнесті жүргізудің бәсекеге қабілеттілігін, әлеуеті мен тиімділігін арттыру. Сонымен қатар Shell LiveWIRE консультанттар мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру арқылы кеңес беру және тренингтік қызметтер нарығын дамытады», – деді компания өкілі.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Батыс аймақтары бойынша өкілі Алмас Жұмашевтың айтуынша, бағдарламаға қатысқан 120 кәсіпкердің 36-сы – батысқазақстандық бизнес өкілдері.

Фестивальде Бизнес-акселерация түлектері қазылар алқасының алдында жобаларын қорғады. Қазылар құрамында ұйымдастырушылармен бірге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері де болды. Жеті кәсіпкердің арасынан бизнес-идеясының мәні, инновациялық, инклюзивтік және әлеуметтік ерекшелігіне қарай бес үздік кәсіп иесі анықталды. Нұрболат Сағмалиевтің ет-сүт бағытындағы фермерлік қожалық ашу жобасы «Экологияға пайдалы» аталымын иеленді.

Сондай-ақ ол аутизм және басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған зоотерапия-оңалту орталығын ашуды көздеп отыр. Алиса Колоскова  

дұрыс тамақтануға (ПП) арналған десерттер әзірлейтін жобасымен «Әлеуметтік үлес» аталымының көшбасшысы атанды. Ал Нұржан Бабасовтың Toi.like мобильдік қосымшасының жобасы «Инновациялық жоба» аталымының арасында үздік шықты. Терезе перделері мен аксессуарлар салонының жобасын ұсынған Әлихан Есенбаев «Үздік питч» аталымына ие болды. «Qadam» білім беру орталығының негізін қалаушы Асылым Нұрмұхамбетова «Жарқын бизнес идея» аталымын иеленді. Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына қатысушылардың бірі Нұрболат Сағмалиев ешкі сүтін өндіріп, сүт өнімдерін дайындаумен айналысқысы келеді.

«Бағдарлама аясында кәсіпті жүргізу жолдары, бизнестегі тәуекелдер жөнінде оқытып, гранттарды қайдан және қалай алуға болатынын үйретті. Өндірген өнімді сату жолдарын түсіндірді. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алғым келеді», – деді кәсіпкер.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале