13.06.2025, 12:15
Оқылды: 351

Бизнесін бастаған  бөрліліктер

Еліміздегі шағын және  орта  бизнесті  дамытудың  басты  құралдарының  бірі  –  кәсіпкерлікке  алғашқы  қадам  жасаушыларға  арналған  «Бизнес  Бастау»  бағдарламасы.  Бұл  жоба  «Атамекен»  ұлттық  кәсіпкерлер  палатасының  бастамасымен  жүзеге  асырылып,  жұмыссыздар  мен  өз  ісін  бастағысы  келетін  азаматтарға  үлкен  мүмкіндік  беруде.  Ауылдық  жердегі  және  қала  маңындағы  тұрғындардың  кәсіпкерлік  дағдыларын  дамыту,  жаңа  жұмыс  орындарын  ашу  және  азаматтардың  табысын  арттыруды  мақсат  еткен  бағдарлама  аясында  бүгіндері  бірнеше  отбасы  өз  кәсібін  ашып,  жұмыс    істеуде.

Дәл осы бағдарламаға қатысып, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың бірі –  бөрлілік Сапаркүл Қалдыбек. Ол 2024 жылы көп балалы ана ретінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттың иегері атанған. Ол бала кезінен тігінші болуды армандайды. Ең алғаш алтыншы сыныпта оқып жүргенінде аяқпен басқарылатын тігін  машинасына отырып, нағашы жеңгесінен құрақ құрауды үйренеді. Өз әжесі де немересінің ине-жіпке икемін байқап, қандайма болсын істі матадан қиып-пішіп беріп, Сапаркүл апайға тіктіреді екен. Осылайша, кейіпкеріміз ес білген шағынан ине-жіппен айырылмастай достасады. Қазір қоғам дамыған сайын киім-кешек, тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы мата бұйымдарын тігетін, жөндейтін тігіншілерге сұраныс артуда.  Бұл орайда Сапаркүл Таңатарқызы талай жанның талап-тілегін  орындап, көңілінен шығып жүр.

Сапаркүл (1) (1)

- Бұрыннан үйден іс тігемін. Өткен жылдары Астана қаласында өткен ісмерлік шеберлікті шыңдау бағытындағы шеберлік сағатына қатысып, «Бизнес-бастау» бағдарламасы туралы білдім. Үйге келген соң, осы бағдарлама  арқылы  грант ұтып, өз ісіме қажетті термопресс, принтер  аппараттарын сатып алдым. Тапсырыс көп. Қыста жаңажылдық костюмдерге, көктемде ұлттық киімдерге, жаз аяғында мектепке киетін киімдерге, ал жазда көрпе жаңартуға тапсырыстар жиі түседі. Одан бөлек шалбардың балағын қысқарту, жабын қысқарту, киім жөндетуге келетін тұтынушыларым көп. Қазір тойтабаққа салатын кішкентай көпшіктер сұранысқа ие. Соңғы кездері көбіне көрпе жаңартумен айналысып жүрмін, – дейді Сапаркүл Таңатарқызы.

Ол – төрт баланың анасы. Өзі – Шымкенттің, жұбайы Қызылорданың тумасы. Ақсай қаласына отағасының жұмыс бабымен қоныс аударған. Сапаркүл апайға жұбайы машинасын сатып, үйінің ауласынан арнайы шеберхана салып беріпті. Екі бөлмелі шеберхана жұмыс жасауға ыңғайлы. Бір бөлмесіне жүн түтетін аппараттар қойылса, екінші бөлмесінде оралған маталар,  тігін машинасы, іс тігуге қажетті құралдар қойылған. Біз кейіпкерімізден «Тігінші болу үшін қандай қасиет керек?» деп сұрадық.

– Ең бастысы, төзім керек. Өз ісін жақсы көріп, жаны қалап жасайтын адам сол істі аяқтағанша шыдамдылық танытады. Біздің істе майда-шүйде көп қой. Кейде бір істі бітіргенше қадалып, ұзақ отырасың.   Содан болар, жастардың көбі шыдамайды. Бірнеше жылдан бері қасыма көмекші таба алмай  жүрмін. Қыз-келіншектер жұмыс сұрап келгенімен соңына дейін шыдай алмай, кетіп қалады. Көбі күнделікті алты-жеті мың теңге төлейді деп официант болуды таңдайды. Одан гөрі тігіншілікке ебің болып, оны әрі қарай дамытып үйреніп алса, өздеріне өмірлік нан болады ғой. Әрине, оңай емес. Кейде өзім де шаршаймын.  Бірақ шеберханама бір күн кірмей қалсам, қызық күйде боламын. Басқа жаққа кетіп қалсам, ең бірінші үйге емес, осы шеберханама кіріп, тігін машинасын бір сипап шығамын, – дейді өз ісін шексіз жақсы көретін Сапаркүл Таңатарқызы.

Сапаркүл (2) (1)

Шеберханадан шығарда жарға ілінген әдемі, қызыл кілемге көзіміз түсті. Бұл кілемді Сапаркүл апай жас кезінде апасымен бірге өзі тоқыған екен. Содан бері өз ісмерлігінің бастауындай болған қызыл кілемді бойтұмардай сақтап, аялап жүреді.  Өз ісін жақсы көретін кейіпкеріміздің арманы көп. Ол алдағы уақытта шеберханасын үлкейтіп, көрпе тігетін үлкен аппарат сатып алып, кәсібін дамытқысы келеді.  Бұл істе Сапаркүл Таңатарқызына сәттілік тілейміз!

«Киізді  насихаттағым келеді»

Келесі кейіпкеріміз бөрлілік Гүлнұр Бекенова да қол-өнермен айналысады. Ол да 2023 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастаған.

–  Біздің отбасымызда қолы шебер, ісмер жандар көп. Әжем ауылда киіз басатын. Жүн түту,  іс  тігу, тоқу дегендердің  бәрін әжем үйретті. Әкем – темірден түйін түйген адам. Тігіншілікті арнайы оқымасам да, апамның шеберлік сағатына қатысып, өзімді дамыттым. Осы ісмерлік менің өміріме азық  болып келеді, – деп әңгімесін бастады Гүлнұр Бекболатқызы.

Гүлнұр

Кейіпкеріміз 2023 жылы 600 мың теңгеден астам қайтарымсыз грант алып, ол қаражатқа іс машинасын және көрпе тігуге қажетті шикізат сатып алады. Қыз жасауының көрпе-төсегін түгелдеп беріп жүрген Гүлнұр Бекболатқызы өз қолынан шыққан көрпелердің сапалы болуына мән береді екен. Бұл турасында ол «Қазір адамдар бағадан гөрі, сапаға ерекше мән береді» деп айтып қалды.

– Әрдайым өзімді дамытып тұрғанды жөн көремін. Жақында Ақтөбе қаласындағы шеберлік сағатына қатысып, сырмақ сыруды үйреніп келдім. Байқағаным, Ақтөбеде маталар арзан екен. Біз көрпеге қажет матаны Алматы, Шымкент қалаларынан, жүнді Тараздан алдыртамыз, – деп сөзін сабақтаған Гүлнұр біздің жақта қойлар тоғытылмайтындықтан, жүн сапасы сын көтермейтінін айтты.

Ол  жұбайымен, балаларымен пәтер жалдап тұрады екен. Кейде көрпе-маталарды қайда қоярын білмей жатады. Сондықтан жергілікті әкімдіктен арендаға жер сұрап жүргеніне де біраз болыпты. Гүлнұр алдағы уақытта қыз жасауына қосып салатын 2-3 көлеміндегі шағын киіздер басып шығарғысы келеді.

–  Біріншіден, киіз – ұлттық бұйымдарымыздың бірі. Екіншіден, экологиялық таза бұйым, қыста жылы, жазда салқын болып тұрады. Сосын шаңды астына жинайды. Сондықтан киіз бұйымын, жалпы ұлттық құндылықтарымызды насихаттағым келеді. Келешекте осы кәсібімді балаларым жалғастырады деген сенімдемін, – дейді Гүлнұр Бекболатқызы.

Қазіргі күнде ол киіз басуға қажетті құралдарға тапсырыс беріп қойған. Енді ол істі жүзеге асыратын арнайы орын болса дейді. Гүлнұрдың тұрмыстағы екі қызы, оқушы ұлы да қолөнермен айналысады. Отбасымен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген кейіпкеріміздің бар арманы орындалғай!

47 кісі қайтарымсыз грант алған

Жалпы Бөрлі ауданында Мансап орталығы арқылы 2023 жылы  –  64, 2024 жылы 47 адам қайтарымсыз грант алған. Олар кондитерлік өнімдер, шаштараз, мал шаруашылығы, тұсаукесер жиынтығы және ұлттық киімдер ательесі, ортопедиялық табандарды өндіру, балмұздақ өнімдері, фотостудия, шағын типография, клининг т. б. бизнес түрлерін ашуды көздеген.

Бөрлі аудандық мансап орталығының директоры Айнұр Серікованың айтуынша, аудан көлемінде жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, ақылы қоғамдық жұмыс, «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту секілді тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.

– Қазіргі таңда жастар практикасына – 21, әлеуметтік жұмыс орындарына – 35, «Күміс жас» жобасына – 39, ақылы қоғамдық жұмысқа – 106 жұмысшы тартылған. Сондай-ақ «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне – 247, онлайн оқытумен 170 адам қамтылса, тұрақты жұмысқа 262 адам жолданды. Сонымен қатар Мансап орталығы арқылы пробация қызметінде тұрған жұмыссыз үш адам  квота бойынша «Ақсайжылуқуат» мекемесіне, мүгедектігі бар 1 адам «Ак Салам Групп» ЖШС-на тұрақты жұмысқа
орналасты. Мемлекеттік бағдарламалардың бірі – жастар  практикасы,  алғашқы  жұмыс орны,  ұрпақтар келісімшарты оқуларын бітірген және бітіргелі отырған жас мамандарға өте пайдалы бағдарлама. Өйткені  көп жағдайда еңбек өтілі жоқ жас мамандарды жұмыс берушілер жұмысқа қабылдамайды. Ал бұл бағдарламаға қатысқан жас мамандардың жұмыс істегені еңбек өтілі болып  саналады. Осыған байланысты ауданымыздың барлық жас маманын мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шақырамын, – дейді Мансап орталығының директоры Айнұр Серікқызы.

Мамандардың берген мәліметі бойынша, Бөрлі ауданында жұмысшы мамандықтар жылына орай «Ашық есік» күні, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп тұрады.   Сонымен қатар әлеуметтік саладағы өзгерістерді жүзеге асыру барысында  жұмыс берушілердің рөлін түсіндіру мақсатында құрылған мобильдік тобы ауыл округтерін аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале