«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлерді қолдау палатасы жанынан «Aqjaiyq invest» бизнеске арналған үкімет фронт-офисі ашылды.
Бұл инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін біртұтас орталық. Жобаны БҚО әкімдігінің қолдауымен «AQJAYIQ» ӘКК бірлесе жүзеге асырды. Кәсіпкерлік саласын дамытуға таптырмас мүмкіндік берер кеңсенің таныстырылымына облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, «AQJAYIQ» ӘКК-ның басқарма төрағасы Нәдір Құрымбаев және өңір кәсіпкерлері қатысты.
«Бизнеске арналған үкімет» дегеніміз - инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы. Жобаның басты мақсаты кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік қызметтерді алу жолын жеңілдету.
«AQJAYIQ» ӘКК-ның басқарма төрағасы Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, кеңседе өңірге келген инвесторлар мен кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, AQJAIYQ ӘКК сияқты даму институттары, табиғи монополиялар субъектілері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, ХҚКО, БҚО мемлекеттік кірістер департаменті, БҚО жер қатынастары, БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының мамандары қызмет көрсетеді екен.
- «Aqjaiyq invest» бизнеске арналған үкімет фронт-офисі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді жеңілдетілген түрде көрсету керек деген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ашылды. Енді кәсіпкерлер барлық мемлекеттік қызметтерді "Бір терезе" қағидасы бойынша алатын болады. Жоба жаңа болғанымен берері мол. Егер болашақта мұндай орталықтар сұранысқа ие болатын болса, қаламыздың басқа жерлерінде де осндай кеңселер ашып, жұмысты кеңейте түсеміз. Сондай-ақ «Aqjaiyq invest» атты жаңа брендті енгізіп жатырмыз. Бұл өңірімізде ісін бастаған не инвестиция құйған әр кәсіп иесі жоғарыда аты аталған бренд атымен кәсібін дамытады деген сөз. Енді кез келген кәсіпкер орталыққа келіп, өзіне қажетті қызметтерді ала алады,-дейді Н.Құрымбаев.
Кәсіпкерлерді қолдауға арналған кеңсенің бірінші қабатынан келген азаматтар бизнес жоспар құру, кәсіпкерлік негізіне үйрететін курстарға жазылу, мемлекеттік сатып алуға қатысу туралы кеңес алу, бухгалтерлік қызмет, статистикалық және салықтық есеп жазу, заңгерлік көмек алу сияқты қызметтер алатын болса, үшінші қабатта мемлекеттік мекеме мен даму институттарының мамандары кеңес береді. Бір сөзбен айтқанда, көпшілік уақытын үнемдейді.
-«Бизнеске арналған үкімет» концепциясымен жаңа орталық ашудағы басты мақсат - кәсіпкерлер мен инвесторларға арналған қызметтерді бір орынға жинақтап, оларға "Бір терезе" қағидасы бойына қызмет көрсету. Қазіргі таңда кәсіпкерлерді заң, бухгалтерлік есеп жүргізу, салық мәселелері және мемлекет тарапынан қандай қаржылық көмек болатыны жайындағы сұрақтар алаңдатады. Ашылған орталық осы мәселелердің шешу жолдарын көрсететін болады. Жаңа кеңсенің тағы бір артықшылығы кәсіп иелері бұрынғыдай мекемеден мекемеге шауып жүрмей, қажетті қызметті бір орыннан алады,-дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
Бүгінде инвесторларға қызмет көрсету орталығы онлайн-қызметтердің тізімін қалай кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Болашақта қағаз құжаттарды толықтай электронды түрге айналдыру жоспарлары бар.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz