Облыс кәсіпкерлеріне экономикалық саясат, соның ішінде жаңа ҚР Салық кодексі түсіндірілді. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жүргізген жиынға ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және құзырлы мекеме өкілдері қатысты.

– Біз бұған дейін де Батыс Қазақстан облысына келіп, Салық кодексінің нормаларын түсіндірген едік. Сол кезде заңнамаға қатысты бірталай сұрақ қойылып, жан-жақты мәлімет берілді. Десе де, тағы да айтатын мәселелер бар. Қазір бизнес өкілдерін көбінесе оңайлатылған декларация негізіндегі салық режімі алаңдатып отыр. «Ашық НҚА» порталында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режімін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі берілген. Әзірше 46 қызмет түрі ұсынылды. Сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режімін қолдануға тыйым салынған қызметтің 795 түрі белгіленді. Яғни бұл қызметтер жеңілдетілген режімді пайдаланбайды. Олардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, қаржы және сақтандыру қызметтері, ірі сауда нысандары бар. Базалық ставкасы – 4 пайыз. Жергілікті мәслихатқа бұл мөлшерлемені төмендету немесе көтеру құқығы берілді. Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді. Оның мөлшері 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің өсуімен бюджетке қосымша 3,5 трлн теңге түсім түседі деп жоспарланды. Бұл қаражат бизнесті дамытуға бағытталады, – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов. Бұдан соң спикер кәсіпкерлік нысандардың есепшілері қойған сауалдарға жауап берді.
М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев білім саласындағы эндаумент қорлар мен салық шегерімі жөнінде арнайы түсіндірмелер дайындалса деген ұсынысын жеткізді. Осы ретте айта кету керек, эндаумент қордың басқа қорлардан басты айырмашылығы инвестициялық табысын ғана жарататындығында. Яғни бір азамат ашқан эндаумент қорға демеушілер бірнеше миллион теңге көмек аударды делік. Бірақ ол бұл қаражатты жұмсай алмайды. Қордың шотындағы ақшаны түрлі құнды қағаздарға, тың жобаларға инвестиция ретінде салуға болады. Тек осыдан түскен кірісті донорлар белгілеген арнайы мақсаттарға жұмсайды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов жергілікті бюджеттің жүктемесі көбейіп жатқанын айтып, өзге донор облыстар секілді БҚО-ға да субсидия мен субвенция тиісінше берілсе деген ұсыныс-пікірін білдірді. Вице-министр Санжар Жаркешов мұндай кездесулер облыстардағы мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Кездесуден соң ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері кәсіпкерлерді жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»