10.04.2025, 17:15
Оқылды: 211

БҚАТУ: Аграрлық сала бойынша тәжірибелерімен бөлісті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғылым, зерттеулер, білім: даму тенденциялары» атты XXV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

DSC04483

Ғылым айлығы аясындағы жиынға университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, профессор-оқытушылар құрамы, Ресей, Қытай, Татарстан, Египет, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік ғалымдар мен республика бойынша түрлі шаруашылық салаларының кәсіби мамандары қатысты.

 

DSC04504

Пленарлық жиында алдымен сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов шетелдік ғалымдарға ризашылығын білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Ғалымдар өз кезегінде қой шаруашылығының қазіргі жағдайы мен дамуы, қазақ жылқыларының генетикалық ресурстарын сақтау және әртүрлілігін зерттеу, құрылыс саласындағы мүмкіндіктер мен тиімділіктер, өнеркәсіптік нысандарды ұйымдастырушылық-технологиялық даярлау үшін цифрлық модельдерді дамыту, суарудың сазды топырақта өсірілетін тропикалық жемістердің өнімділігіне әсері туралы ақпарат алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Қытайдың Тарим университетінен келген профессор, өз қандасымыз Ғұнымгүл Мұхатай қос елдің ғалымдары ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылыми байланыста екенін айтты.

– Өзім Жәңгір хан университетінің ғалымдарымен өнімді жылқы шаруашылығы, жергілікті тұқымдарды селекциялау, генетикасын анықтау, сүтті бағыттағы жылқыларды дамыту бойынша бірлесе жұмыстанудамын. Біздің де бірнеше жылдық селекциялық тәжірибелеріміз бар, сүтті бағыттағы жылқыларды көбейту мақсатында генетикалық әдістемелерді селекцияға қостық. Жәңгір хан университеті де осы бағытта үлкен ғылыми жобамен жұмыстануда. Осы орайда қос тарап өз тәжірибемізді ортаға салып, екі елдің жылқы шаруашылығын дамытуға үлес қосудамыз. Жалпы Қазақстанда мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстар жақсы жүргізілуде. Осы бағытта таңдауымыз ғылыми әлеуеті жоғары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне түскен болатын, – дейді қытайлық ғалым.

К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Юсупжан Юлдашпаев мұндай халықаралық дәрежедегі конференциялар елдің ғылымға деген оң көзқарасын білдіретінін жасырмады.

– Биыл Орал қаласында өткізіліп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференция мерейтойлық датада, яғни 25-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. Біз Жәңгір хан университетімен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Осы оқу орнының көптеген ғалымдары Тимирязев университетінде кандидаттық диссертацияларын қорғады, магистратурада оқыды, ғылыми тағылымдамадан өтті. Кадрлар даярлау саласындағы жүйелі жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасары сөзсіз. Сондай-ақ біз жануарлар генетикасы, молекулалық-генетикалық зерттеулер және қазіргі заман талабына сәйкес келетін жануарлардың жаңа түрлері мен тұқымдарын жасау саласындағы озық технологиялар бойынша ынтымақтаса жұмыстанудамыз. Негізінен Қазақстанда ғылым жақсы даму үстінде, мемлекет тарапынан ғылымға барынша көңіл бөлінуде, – деді ресейлік профессор.

DSC04567

Жәңгір хан университетінің негізгі бағыты аграрлық сала болғандықтан, ғылыми зерттеулер тақырыбы ауыл шаруашылығы жануарларының генетикасына, олардың әртүрлі аурулары мен емдеу іс-шараларына зерттеулер жүргізуге, жаңа тұқымдарды көбейтудің тәсілдерін ойлап тауып, іс жүзінде тәжірибеге енгізуге негізделген.

«Біздің ғылыми қызметкерлеріміздің қатары жыл сайын шетелдік жетекші университеттер мен зертханаларда, ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтіп келген ғалымдармен толығуда» дейді университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін.

Түстен кейінгі секциялық отырыстар «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Техникалық ғылымдар», «Экономикалық ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша жалғасты.

Жәңгір хан университетінде ғылым айлығы аясындағы іс-шаралар сәуір айының соңына дейін жалғасады.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале