15.05.2025, 17:45
Оқылды: 378

БҚАТУ білім алушыларына бос жұмыс орындары ұсынылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі-2025» іс-шарасы өтті.

DSC02397

Шараның басты мақсаты – университет түлектерінің жұмысқа орналасуына ықпал ету, кәсіпорындар мен оқу орны арасындағы байланысты нығайту.

Жәрмеңкеде алдымен сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Өтеген Таубаев бұл шараның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ соңғы екі жылдағы университет түлектерін жұмыспен қамту көрсеткішіне тоқталды. Бұдан әрі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің, БҚО Стратегия және даму басқармасының, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары бітіруші курстың студенттеріне  «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, жалпы ақпарат берді. Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын түсіндірді. Ал жұмыс беруші кәсіпорын-ұйымдар өкілдері бос лауазымдар бойынша үміткерлермен әңгімелесулер өткізіп, облыс аудандары әкімдерінің аппарат басшылары мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын түлектермен кездесті.

DSC02487

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 2 жылда Жәңгір хан университетін 2 мыңнан астам түлек бітірсе, солардың 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасқан. Ал биыл университет қабырғасынан 1124 жас түлеп ұшқалы отыр. Өткен жылы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне 60-қа жуық жұмыс беруші қатысқан болатын, ал биыл 60-тан астам мекеме-ұйым өкілдері келді. Негізінен БҚАТУ аграрлық, ветеринарлық, техникалық, құрылыс, машина жасау, көлік сервисі, IT, экономика салалары бойынша мамандар даярлайды.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале