Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дәстүрлі "Кітапхана түні – 2023" іс-шарасы өтті.

Университеттің "Парасат" ақпараттық-білім беру орталығы ұйымдастырған шара биыл екінші жыл қатарынан өтуде. Биылғы кештің арнайы қонақтары – БҚО тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы, "DANA" орталығының басшысы Жантас Сафуллин мен саяхатшы Темірлан Мұқашев.
Алдымен сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов бұл дәстүрлі іс-шара білім ордасының 60 жылдығымен тұспа-тұс өтіп жатқанын айтып, жастарды белсене қатысуға шақырды. «Парасат» орталығының директоры Айгүл Есенаманова шараның маңызына тоқтала келе, университет кітапханасының жұмысына қысқаша сипаттама берді. Алпыс жылдық тарихы бар жоғары оқу орнының кітап қоры 800 мыңнан асқанын мәлімдеді.
Бұдан соң кеш қонақтарымен кездесулер ұйымдастырылды. Коворкинг орталығында оқытушылармен және студенттермен жүздескен Жантас Нәбиоллаұлы өзінің өмір жолынан, ел тарихы, өлкетану, қазақ баспасөзі салаларындағы еңбектерінен хабардар етті. Студент жастар да өлкетанушының әңгімесіне қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды.

Осындай қызықты кездесу орталықтың келесі залында саяхатшы Темірлан Мұқашевпен жалғасты. Жастар арасында танымал батысқазақстандық жас блогер өзінің саяхаттары туралы әңгімелеп, жастардың сауалдарына жауап берді. Саяхатшы бұл алғашқы кездесу көпшіліктің алдында сөйлеу тәжірибесін жетілдіргенін жасырмады.
"Кітапхана түні" бұдан әрі "Laysan" студиясының шеберлік сағатымен, үстел және квест ойындарымен, "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" зияткерлік ойынымен жалғасты. Қатысушылар түрлі танымдық сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар иеленді.

Кешті оқытушылармен және білім алушылармен бірге Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті кітапханасының кітапханашылары да тамашалады.
БҚАТУ медиа орталығы