28.08.2025, 21:00
Оқылды: 239

БҚАТУ-да Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ата Заңым – азаттығымның айғағы» атты дөңгелек үстел өтті.

DSC03886
ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға университет проректоры Ақылбек Сұлтанов, БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты. Дөңгелек үстелді жүргізген оқытушы, магистр Мұхтар Сүлейменов Мемлекет басшысының «Ата Заң – мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің дәйекті әрі тұрақты дамуының мызғымас кепілі» деген сөзін тілге тиек етіп, шараның мақсатына тоқталып өтті. – Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты – Конституцияның мемлекетіміздің дамуындағы тарихи рөлін талқылау, құқықтық мәдениетті арттыру, жастардың патриоттық санасын қалыптастыру және оның қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың кепілі ретіндегі маңызын айқындау, – деді Мұхтар Амантұрлыұлы.

DSC03872
Бұдан әрі сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Ұзақбайұлы жиналғандарды ҚР Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. – Бұл күн – барша қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын, бірлігі мен татулығын арқау еткен маңызды мереке. Еліміздің Ата Заңы – мемлекетіміздің табысты дамуы мен жоғары халықаралық беделінің берік кепілі. Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған ҚР Конституциясы тәуелсіз Отанымыздың зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалағаны баршамызға да мәлім. Басты құжатта ұлттар достығы, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық сынды ерекше құндылықтар айқын көрініс тапқан, – дей келе, болашақта да бұл басты құжат Қазақстанның табысты дамуының кепілі боларына сенім білдірді.
Өз кезегінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Болатқызы университет ұжымын облыс әкімі атынан құттықтап, дөңгелек үстелді ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. – Қазақстан халқының қатысуымен талқыланып, қабылданған Конституция өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюына өз үлесін қосты. Ата Заң – азат елдің ар-намысы, құқықтық мәдениетіміздің қайнар көзі. Ол – халқымыздың дербес ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтап, жер шарына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата Заңымыз егемен еліміздің тез есейіп, бұғанасы қатайып, ел дәрежесіне жетуіне септігін тигізді. Ең бастысы, аталған құжат далалық заңдылық пен халқымыздың ежелгі өркениетінің шеберханасында шыңдалып, бір кездердегі билер институты, «Жеті жарғы» секілді ұлттық дәстүр мен әдептің рухын бойына сіңірді, – деген Г.Шөкеева негізгі Заңның қоғамдағы орны, өміршеңдігі туралы ой қозғады.
«Ата Заңымызды ардақтайық!» деген тақырыпта баяндама жасаған Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі, магистр Мейрам Оспанов Конституция – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат екеніне назар аударса, аға оқытушы Ғалия Саркулова «Әлеуметтік мемлекет және Конституция» атты баяндамасында тарихқа көз жүгіртіп, кең ауқымды өзгерістерге тоқталды. Аға оқытушы, философия докторы (PhD) Мақсот Жанғожиев ең жоғарғы заңдық күші бар, барлық заңдардың базасы болып табылатын Конституцияның тарихи қалыптасу кезеңдеріне, даму бағыттарына, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға назар аударды.
Дөңгелек үстел барысында қозғалған тақырыпқа байланысты өз ой-пікірімен бөліскен Гуманитарлық, спорт және әскери дайындық факультетінің деканы Қуатбек Байдалиев қабылданғанына 30 жыл болған Ата Заңның қағидаларын, құндылықтарын жастар арасында кеңінен насихаттау қажеттігін баса айтты. Ал доцент, философия ғылымдарының кандидаты Венера Есенғалиева ҚР Конституциясының жобасын дайындауға атсалысқан саяси тұлғалар мен қоғам қайраткерлері туралы ақпарат беріп, соның ішінде заң саласының білгірі Нағашыбай Шәйкеновтің қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале