6.05.2025, 10:15
Оқылды: 210

БҚАТУ-да өткен зияткерлік байқауға оқушылар қатысты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ғалым, қоғам қайраткері Е.А.Бөкетовтың 100 жылдығына орай «Болашаққа жол – ғылыммен!» атты зияткерлік байқау өтті.

фото ИТИ

Жас дарындардың ғылымға деген құштарлығын оятқан шараны университетіміздегі «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылары мен магистранттары ұйымдастырды. Бұл тағылымды шараға Орал қаласы бойынша жалпы орта білім беретін мектептердің білімді шәкірттері қатысып, өздерінің ғылымға деген талпыныстарын паш етті. Атап айтқанда, зияткерлік сайысқа Х.Доспанова атындағы №30, Қадыр Мырза Әлі атындағы №47, А.Байтұрсынов атындағы №10, №50, №20 ЖОББ мектептер мен Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушылары белсене қатысты.

Байқаудың әділқазы алқасының құрамында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі жаратылыстану-география факультеті директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары, магистр Динара Киишева, БҚАТУ Индустриалды-технологиялық институтының қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Сафура Сатаева және сол институт директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жадыра Тасанова сынды тәжірибелі мамандар төрелік етті. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің командасы жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды №50 мектеп пен А.Байтұрсынов атындағы №10 мектеп командалары иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мектеп мұғалімдері мен барлық қатысушыларға ерекше ризашылықтарын білдірді. Бұл шара – ғылым мен білімді дәріптеу жолындағы маңызды қадам. Зияткерлік сайыс жас буынның ғылыми көзқарасын қалыптастырып, ғылымға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Осындай игі бастамалар болашақтың іргетасын қалайды.

БҚАТУ медиа орталығы    

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале