Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова бастаған жұмыс тобының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.
Жиынға ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметовамен бірге «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында БҚАТУ мен Ұлттық зияткерлік меншік институты арасында технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығын құру бойынша келісімшарт жасалды. Енді дүниежүзілік зияткерлік меншікке қатысты обьектілер базасы университет үшін қолжетімді болмақ.
– Біздің ғалымдарға, өнертабыс иелеріне және тауар өндірушілерге жаңа тауартаңбалар базасы қолжетімді болады. Бұған дейін ғалымдар ойлап тапқан дүниесін патенттеу үшін ізденіс жұмыстарын ақылы түрде жүргізетін. Сол үшін Алматыға немесе Нұр-Сұлтан қаласына баруға тура келетін. Осы келісімшарт негізінде әлемдік базаларға тегін қол жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Уақытты және қаржыны үнемдеуге, сонымен қатар әлемдік зияткерлік меншік объектілері базасын қарау арқылы өзі тапқан нәрсенің баламасы бар-жоқтығын, ол қаншалықты жаңалық болатынын біле алады, – дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін.
Бұл орталықтың Жәңгір хан университетінің базасында ашылуы да кездейсоқтық емес. Университет қабырғасында өнертабысшылар жеткілікті. Сол себепті Ұлттық зияткерлік меншік институтының қызметкерлері білім ордасының басшылығын ортақ ынтымақтастыққа шақырып, Бүкіләлемдік зияткерлік ұйымына хабарласу арқылы тегін гранттар бөлініп, бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде келісімге келді. Дөңгелек үстелді жүргізген университет проректоры Әлжан Смайылұлы осындай қолдау көрсеткен Әділет министрлігіне жоғары оқу орнының басшылығы атынан алғысын жеткізді.
БҚАТУ медиа-орталығы